Чемпиондар Лигасына шыққан командалардың тізімін ойын алдында іліп қойдық — «Қайрат» бапкері
АЛМАТЫ. KAZINFORM — «Қайрат» өз алаңында «Селтикті» пенальти арқылы жеңіп, УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтті.
Ойыннан кейін өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері Рафаэль Уразбахтинді оның атын ұрандата қарсы алды. Алайда «Қайраттың» бас бапкері өзін емес, алматылық ұжымның атын ұран етуге шақырды.
— Біз мереке сыйлай алғанымызға қуаныштымыз. Бірақ бұл жеңіс тек менің еңбегім емес, клубымызда жұмыс істейтін барлық қызметкердің еңбегі. Сондықтан «Қайрат» деп ұрандатайық, — деді ол.
Уразбахтин пенальти кезеңінде қарсыластың 3 соққысын қайтарып, өз командасына жеңіс сыйлаған қақпашы Темірлан Анарбеков туралы да пікір білдірді.
— Қақпашылар бойынша мен қақпашылардың бапкеріне сенім артамын. Словакияда болғанда ол Заруцкийді қалдыруды ұсынды. Ал осы ойын алдында сөйлескенімде Темірлан қақпада жақсы тұратынын сенімді айтты. Бүгін қанша сәтте бізді Темірлан құтқарып қалды. Бұл кездейсоқтық емес, — деді бапкер.
Сонымен қатар «Қайраттың» бас бапкері Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне байланысты болжам жасаудан бас тартты. Алайда ойынға дейінгі дайындықта қандай әдіс-тәсіл қолданғанын айтты.
— Қазір Чемпиондар лигасына шыққан командаларды қарасақ, бәрі — топ клуб. Біз бұл тізімді шығарып, киім ауыстыру бөлмесінде іліп қойдық. Бұл менің шешімім болды. Жігіттер бұл командаларды көргенін қаладым. Енді алдағы қарсыластарымыз мейлінше даңқты командалар болғанын тілейміз. Біз ғана ойнап қоймай, жанкүйерлеріміз тамашалай алғанын қалаймыз, — деді Рафаэль Уразбахтин.
Бапкер «Қайрат» клубының мақсаттарының бірі орындалғанымен, биыл ел біріншілігіндегі чемпиондыққа таластан бас тартпайтынын атап өтті. Сондай-ақ ол БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап бере отырып, команданың деңгейін одан әрі дамыту үшін не істеуге болатынын айтты.
— Біз ел чемпионатының деңгейін көтеруіміз керек. Инфрақұрылымды дамытып, алаңдардың күйін жақсартуымыз қажет. Сонда біздің команданың да деңгейі көтеріледі, еурокубоктарда ойнау жеңілдейді. Оған біздің нәтижеміз әсер етеді деп үміттенеміз, — деді Рафаэль Уразбахтин.
Еске салайық, «Қайрат» футболдан Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды.