АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан UEFA Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу сатысында елордалық «Астана» өз алаңында «Динамо Тбилиси» (Грузия) командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елорда төріндегі «Астана-арена» стадионында өткен кездесуде қос команда тартысты ойын өткізді.
Алғашқы минуттан алаң иелері басымдық танытты. Оған грузиялық футболшылар лайықты қарсылық көрсетті.
Ойынның 11-минутында «Астана» шабуылшысы Абат Айымбетов көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Елордалық футболшылар есепті үстемелеуге тырысты. Дегенмен бірінші кезеңде өзге гол соғылған жоқ.
Екінші кезеңде «Динамо Тбилиси» сапынан Габриел Сигуа таразы басын теңестірді. Бұдан кейін елордалық ойыншылар тізгінді өз қолына алуға тырысқан еді.
Кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды.
Енді екі команда арасындағы қарымта кездесу 19 шілдеге белгіленген.
Айта кетсек, «Астана» 2015-2016 жылғы кезеңде аталған турнирдің топтық кезеңінде ойын көрсетті.
Ал, 2016, 2017, 2018 жылдарда Еуропа лигасы топтық кезеңінде сынға түсті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.