Чемпиондар лигасы: «Астана» - «Спартак» арасындағы есеп теңесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың «Астана Арена» стадионында өтіп жатқан Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі «Астана» - «Спартак» арасындағы қарымта кездесудің екінші кезеңінде қонақтар есепті теңестіріп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ойынның алғашқы 45 минуттық кезеңі тең өткенімен келесі бөлігінде «Астана» футбол командасының 23 нөмірлі ойыншысы Патрик Твумаси қарсыластардың қақпасына гол соғып, астаналықтарды алға шығарған болатын.  Дегенмен, қарсыластар тез арада ес жинап, ойынның 72-ші минутында жартылай қорғаушы Эдгар Варданян "астаналықтардың" қақпасына гол салды.

Қазақ елінің төрінде өтіп жатқан теңбіл доп додасының бас қазысы - грекиялық Хараламбос Калогеропулос. Айта кетерлігі бұл футбол маманы Еурокубок кездесулерінде 2015 жылдан бері қазылық етіп келе жатыр. Ал Хараламбос Калогеропулостың көмекшілері - Трифон Петропулос пен Александрос Гревинис. Қосымша төреші қызметінде - Праксителис Захариадис.

Естеріңізде болса, екі команда арасындағы алғашқы кездесуде «Астана» командасы қарсыластарының қақпасына бір гол соғып жеңіске жеткен болатын.

Бұл кезеңде жеңіске жетіп, үшінші іріктеу сатысына өткен команда польшалық «Легия» мен финляндиялық «Мариехамн» арасындағы кездесудің жеңімпазымен жасыл алаңда кездесетін болады. Бұл екі команда ертең өзара бақ сынайды.

Дегенмен, қазірдің өзінде польшалық бұқаралық ақпарат құралдары Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде «Астана» мен «Легия» командасының кездесетіндігін айтуда. Өйткені, польшалықтар қарсыластарын 3-0 есебімен жеңіп кеткен еді.

Дәл қазіргі уақытта «Астана арена» стадионында өтіп жатқан кездесуді 20500 көрермен тамашалауда.