Осыдан біраз уақыт бұрын қарсыластарының алаңына барып, 1-0 есебімен жеңіспен оралған «Астана» футбол командасы Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алып отыр.
Айта кетерлігі, бүгінгі ойынның алғашқы 45 минуттық кезеңі тең өткенімен келесі бөлігінде «Астана» футбол командасының 23 нөмірлі ойыншысы Патрик Твумаси қарсыластардың қақпасына гол соғып, астаналықтарды алға шығарған болатын. Дегенмен, қарсыластар тез арада ес жинап, ойынның 72-ші минутында жартылай қорғаушы Эдгар Варданян «астаналықтардың» қақпасына қарымта гол салды.
Қазақ елінің төрінде өткен теңбіл доп додасының бас қазысы қызметін грекиялық Хараламбос Калогеропулос атқарды. Бұл футбол маманы Еурокубок кездесулерінде 2015 жылдан бері қазылық етіп келе жатыр. Ал Хараламбос Калогеропулостың көмекшілері - Трифон Петропулос пен Александрос Гревинис, қосымша төреші қызметінде - Праксителис Захариадис болды.
Бұл кезеңде жеңіске жетіп, үшінші іріктеу сатысына өткен команда польшалық «Легия» мен финляндиялық «Мариехамн» арасындағы кездесудің жеңімпазымен жасыл алаңда кездесетін болады. Бұл екі команда ертең өзара бақ сынайды.
Дегенмен, қазірдің өзінде польшалық бұқаралық ақпарат құралдары Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде «Астана» мен «Легия» командасының кездесетіндігін айтуда. Өйткені, польшалықтар қарсыластарына қонаққа барып, 3-0 есебімен жеңіп кеткен еді.
«Астана арена» стадионында өткен кездесуді 20500 көрермен тамашалады.
22:02, 18 Шілде 2017
Чемпиондар лигасы: «Астана» үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елорданың «Астана Арена» стадионында өткен Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Астана» - «Спартак» арасындағы кездесу 1-1 есебімен тең аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.