Чемпиондар лигасы финалына шыққан алғашқы команда белгілі болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы финалына жолдама алған алғашқы команда анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жартылай финалдың алғашқы жұбында «Вильярреал» (Испания) мен «Ливерпуль» (Англия) шеберлік байқасты.

Бірінші ойында ағылшындық клуб 2:0 есебімен басым түскен болатын.

Қарымта кездесуде «Вильярреал» жанкүйерлер көңілінен шығуға барын күшін салды.

Нәтижесінде бірінші кезеңнің 3-минутында Булай Диа гол соқса, 41-минутта Франсис Коклен испаниялық клубтығ басымдығын арттырды.

Екінші кезеңде «Ливерпуль» қатарынан Фабиньо 62, Луис Диас 67, Садио Мане74-минуттарда мергендік танытты.

Осылайша «Ливерпуль» қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсіп, финалға жолдама алды.

Енді олар финалда 28 мамырда «Реал Мадрид» (Испания) мен «Манчестер Сити» (Англия) жұбының жеңімпазымен кездеседі.