Чемпиондар лигасы: «Интер» 13 жылдан кейін жартылай финалға шықты

Фото: Фото: Getty Images
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы ширек финалына шыққан командалар белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сәуірдің 19-нан 20-на қараған түні екі ойынның бірінде «Бавария» (Германия) мен «Манчестер Сити» (Англия) командалары кездесті.

Алғашқы ойында англиялық клуб 3:0 есебімен басым түскен еді. Cондықтан жанкүйерлер «Бавариядан» шабуыл күткен еді. Есесіне олар 57-минутта «Манчестер Сити» шабуылшысы Эрлинг Холандтың голын жіберіп алды. Ойынның 83-минутында Йозуа Киммих пенальтиден гол соққанымен бұл германиялық клубқа жарысты жалғастыруға жеткіліксіз болды.

Осылайша екі ойынның қорытындысымен «Манчестер Сити» жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Тағы бір кездесуде Италияның «Интер» және Португалияның «Бенфика» клубтары сынға түсті. Бірінші кездесу 2:0 есебімен италиялық клубтың басымдығымен аяқталды.

Қарымта кездесуде командалар 3:3 есебіне қанағат білдірді.

Ойын барысында «Интер» сапынан Николо Барелла 14, Лаутаро Мартинес 65, Хоакин Корреа 78, «Бенфикадан» Фредрик Эурснес 38, Антониу Силва 86, Петар Муса 95-минутта гол соқты.

Екі ойынның нәтижесімен италиялық клуб жарысты жалғастыратын болды.

Айта кетсек, «Интер» өз тарихында 13 жылдан кейін жартылай финалға шықты.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Милан» мен «Реал Мадрид» жартылай финалға шықты.

Енді жартылай финалда 9 және 16 мамыр күндері «Милан» мен «Интер», «Реал Мадрид» пен «Манчестер Сити» кездеседі.