НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - UEFA Чемпиондар лигасы 1/4 финалының жеребесі тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жеребе бойынша «Реал» (Испания) және «Манчестер Сити» (Англия) жұбының жеңімпазы «Лион» (Франция) мен «Ювентус» (Италия), «Наполи» (Италия) мен «Барселона» (Испания) жұбының жеңімпазы «Челси» (Англия) мен «Бавария» (Германия) жұбының жеңімпазымен ойнайды. Сондай-ақ, ширек финалда «РБ Лейпциг» (Германия) және «Атлетико» (Испания), «Аталанта» (Италия) мен «Пари Сен Жермен» (Франция) командалары кездеседі.
Естеріңізге сала кетелік, коронавирус пандемиясына байланысты наурыз айында аталған еурокубок турнирі кейінге шегерілген болатын Ендігі кезекте ойындар тамыз айында қайта жалғасады деп жоспарланып отыр.
Ал ширек финал ойындарының барлығы Португалия астанасы - Лиссабон қаласында өткізіледі. Онда командалар небәрі бір ойындық форматта шеберлік байқасады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.