Чемпиондар лигасында «Астана» грузиялық «Динамомен» ойнайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Астана» командасының UEFA Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу сатысындағы қарсыласы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық клуб жарыстың алғашқы сатысында Грузияның «Динамо» (Тбилиси) командасымен кездеседі.

Бірінші ойын өз алаңында 11/12 шілдеде өткізілсе, қарымта кездесу сырт алаңда 18/19 шілдеге белгіленген.

«Динамо» - Грузияның белгілі клубтарының бірі. Өз елінде 19 мәрте чемпион атанды.

1981 жылы UEFA кубок иелерінің кубогында бас бәйгеге қол жеткізді.

Айта кетсек, «Астана» 2015/16 жылғы кезеңде аталған турнирдің топтық кезеңінде ойын көрсетті.

Ал 2016, 2017, 2018 жылдарда Еуропа лигасы топтық кезеңінде сынға түсті.

2014/2015 жылғы кезеңде «Динамо» Чемпиондар лигасы екінші іріктеу сатысында қазақстандық «Ақтөбе» командасына 0:1, 0:3 есебімен жол берген.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Тобыл» командасының Конференция лигасындағы ықтимал қарсыластары анықталған еді.