Чемпиондар лигасының ширек финалында «Барселона» «Ювентустан» ойсырай жеңілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сәуірдің 11-нен 12-іне қараған түні УЕФА Чемпиондар лигасының ширек финалының алғашқы матчы өтті.

Италиялық «Ювентус» өз алаңында испандық «Барселонаны» 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Ойынның жетінші және 22-минутында аргентиналық Пауло Дибала қарсыластар қақпасына қос гол салды. «Ювентус» сапынан тағы бір голды туриндіктердің қорғаушысы Джорджио Кьеллини 55-минутта соқты.

Каталония астанасында өтетін «Барселона» мен «Ювентус» арасындағы қарымта ойын 20 сәуірге қараған түні Астана уақытымен 00:45-те басталады. 

Сонымен бірге, бүгін түнде дортмундтық «Боруссия» мен франциялық «Монако» кездесуі де өтуі тиіс еді, алайда жарылыстарға байланысты ойын кейінге қалдырылды.

«Боруссия» стадионға келе жатқанда, автобустың жанында үш жарылыс болды. Жарылғыш зат бұта арасына жасырылған. Әзірге Дортмунд полициясы мұны теракт деп атаған жоқ. Әйнек сынықтарынан «Боруссияның» испаниялық қорғаушысы Марк Бартраның қолы жарақаттанды - оған ота жасалды және қазір өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

«Боруссия» мен «Монако» матчы бір күнге шегерілді. Бұл ойын 12 сәуір күні Астана уақытымен 22:45-те басталмақ.

12 сәуірден 13-іне қараған түні Чемпиондар лигасы ширек финалының тағы екі кездесуі өтеді. Астана уақытымен 00:45-те басталатын бұл ойындарда мадридтік «Атлетико» өз алаңында англиялық «Лестерді» қабылдайды, ал германиялық «Бавария» испандық «Реалмен» кездеседі.