Чемпиондар шаңырағында болашақ чемпион дүниеге келді!

АСТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұжымы өз студенті, Олимпиада чемпионы Майя Манезаны перзентханадан шығарып алды.

Бұл туралы «Қыздар унвиерситеті» медиа орталығығының баспасөз баянында хабарланған.

Майя Манеза қажырлы еңбегінің арқасында 2009 және 2010 жылдары 63 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды. Сонымен қатар, ол 2010 жылы Азия ойындарын ұтқан спортшы. 2011 жылы Парижде өткен сайыста күміс жүлдені қанжығасына байласа, 2012 жылы Лондон олимпиадасында алтыннан алқа тағынып, еліміздің мәртебесін әлем алдында асқақтатты.

Майя Манеза - бақытты ана! Ол дүйім жұртқа өзінің мықтылығын танытқан, күресе білген, дарынын дәлелдеген спортшы. Міне, сол бақыты екі еселеніп, Қыздар университеті үкілеп ұзатқан Майя Манеза үлкен бақытқа да қол жеткізді. 20 тамыз күні чемпиондар шаңырағында болашақ чемпион дүние есігін ашты. Ұлды болып жатқан бақытты әке Вячеслав Ершов та: «Ұлымызға Арсений атты есім бердік. Арсен, Арсений ұқсас. Мұсылмандыққа да, провославқа да жақын атты таңдадық. Біз бақыттымыз», - деп көзі нұрға, көңілі шаттыққа тола келген қонақтарға ағынан жарылды.

Қыздар университеті қазақы салт-дәстүрмен «Қыз Жібек» клубынан ұзатылған Майяға артынан ерген сіңлілеріне үлгі боларлықтай шаңырақтың ұйытқысына айналады деген сенім білдіреді. Майя Манеза - Қыздар университетінің мақтанышы ғана емес, Қазақстан спортының болашағы. Арсений батырды дүниеге әкелген жас ана, аяқ-қолын бауырына алып, қалпына келіп, Рио-де-Жанейрода өтетін олимпиададан алтыннан алқа тағынып Қазақстан халқының қуаныш еселей түседі деген сенімдеміз.

Қазақстан спортында қуаныш азаймасын! Көк туды желбіреткен спортшылар байрақты түсірмейтін ұл-қыздарды өсіре берсін!