Бұл кездесуде «Бавария» (Германия) мен «Реал Мадрид» (Испания) командалары шеберлік байқасты.
Алғашқы минуттан германиялық команда тізгінді өз қолын алуға тырысты. Қос қанаттан алма-кезек шабуыл ұйымдастырды. Оған испаниялық команда қорғаушылары тойтарыс беріп жатты. Ендігі бір сәтте «Бавария» футболшылары көздеген нысанадан мүлт кетті.
Есесіне олар өз қақпасына гол жіберіп алды. Ойынның 24-минутында «Реал Мадрид» шабуылшысы Винисиус Жуниор өз мүмкіндігін құр жіберген жоқ. Осылайша испаниялық команда алға шығып, ойын барысы шиеленісе түсті.
Екінші кезеңді «Бавария» белсенді бастады. Нәтижесінде Лерой Сане 53-минутта таразы басын теңестірсе, Гарри Кейн 57-минутта пенальтиден мүлт кеткен жоқ.
Ал 83-минутта «Бавария» қақпасына белгіленген пенальтиді Винисиус Жуниор шебер орындады.
Осылайша командалар 2:2 есебіне қанағат білдіріп тарасты.
Екі команда арасындағы қарымта кездесу 8 мамырға белгіленген.
Айта кетсек, 1 мамырда жартылай финалдағы тағы бір кездесуде «Боруссия Дортмунд» (Германия) мен «Пари Сен-Жермен» (Франция) шеберлік байқасады.