Черчилльдің жасанды тістері аукционға қойылды

None
АСТАНА. Шілденің 9-ы. ҚазАқпарат - Бұрынғы британ премьері Черчилльдің жасанды тістері ағылшынның Норидже қаласында аукционға қойылды, деп хабарлады Утро.ру агенттігі.

Алтынмен жалғастырылған жасанды тістер алдын ала 7 мың доллардан астам сомаға бағаланып отыр.

Тіс дәрігері Уильфрид Фиш жасаған протез премьердің өзіндік сөйлеу мәнеріне әсер етпеген болатын. Тарихшылардың айтуынша, сол еңбегі үшін Фиш рыцарь мәртебесіне ие болған. Жасөспірім шағында Черчилль ұлы шешен болатынын айтқан еді. Оның аздап сақаулана сөйлеуі болашақ саясаткердің орасан зор жоспарларына кедергі келтірген жоқ.

Премьердің тағы бір бірегей жасанды тісі корольдік хирургтер колледжінде сақтаулы тұр.

Бұдан бұрын ол «Әлемді құтқарған тіс» деген жазумен лондондық галереялардың біріне қойылған болатын. Көз көргендердің айтуынша, Черчилль жасанды тістерін жоғалтып алудан үнемі қорқатын. Сондықтан да қосалқы тіс жасатқан еді.