Черногория Еуропалық одаққа кіру жөніндегі келіссөздерді биыл аяқтауы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Черногория Еуропалық одаққа (ЕО) қосылу жөніндегі келіссөздерді 2026 жылдың соңына дейін аяқтауы мүмкін. Бұл елдің 2028 жылы ЕО мүшесі болуына жол ашуы ықтимал. Бұл туралы Kazinform агенттігі Deutsche Welle-ге сілтеме жасап хабарлады.

Фото: Еурокомиссия

Бұл туралы Еуропалық комиссияның Еуроодақтың кеңеюіне арналған баяндамасында айтылған.

ЕО-ның кеңею мәселелері жөніндегі комиссары Марта Кос Черногория келіссөздер процесін аяқтауға өте жақын екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар Еурокомиссия елде реформаларды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Әсіресе негізгі құқықтар мен қаржылық қызметтер саласына басымдық беру керек.

Келіссөздердің аяқталуы Черногорияның Еуроодаққа автоматты түрде қосылатынын білдірмейді. Толыққанды мүшелік үшін белгіленген талаптарды орындап, ЕО-ға мүше мемлекеттердің мақұлдауын алу қажет.

Еуроодаққа соңғы болып 2013 жылы Хорватия қосылды.

Еске салайық, бұған дейін Армения премьер-министрі Никол Пашинян елдің Еуроодаққа кіруге өтінішті қашан беретінін айтқан еді. Оның сөзінше, Ереван бұл процесті Брюссельмен саяси диалог арқылы жалғастыруды көздейді.