Кеңейтілген келіссөздер нәтижесінде қос тарап бірқатар құжатқа қол қоюды жоспарлап отыр. Олардың қатарында туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісім, сондай-ақ екі қоғамдық телерадио хабар таратушы ұйым арасындағы келісім бар.
Сонымен бірге, Черногория президенті екі елдің үкіметтері алдағы уақытта жасалатын бірнеше екіжақты келісімдер жөнінде уағдаласқанын хабарлады. Олардың ішінде әділет саласындағы ынтымақтастық туралы келісім, экономикалық ынтымақтастық туралы келісім, сондай-ақ цифрлық трансформацияға жауапты министрліктер арасындағы өзара іс-қимыл жөніндегі келісім бар.
– Бұл салада Қазақстан өңірдегі көшбасшы елдердің бірі саналады. Біз Қазақстанның цифрландыру бағытындағы мол тәжірибесі мен озық шешімдерінен үйрене алатынымызға сенімдімін, – деді Яков Милатович.
Сонымен бірге, Я.Милатович өзінің ресми сапары екі достас мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашатынын атап өтті.
Айта кетейік, 18-20 маусым күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Черногория Президенті Яков Милатович Қазақстанға ресми сапарлайтынын жазған едік.
Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Черногория Президенті Яков Милатовичті қарсы алды.
Тараптар жоғары деңгейде келіссөздер жүргізіп, саяси диалогты нығайту, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық перспективасын талқылайды.
Еске салсақ, бұған дейін Черногория Қазақстан азаматтары үшін уақытша визасыз режим енгізді.