Черногорияда бардағы атыстан кейін үш күндік қаралы күн жарияланды

Фото: Фото: Rusmin Radic/ Anadolu/ picture alliance

АСТАНА. KAZINFORM - Цетине қаласының тарихи орталығында ер адам тұрғындарға оқ жаудырды. Кемінде 10 адам қаза тапты, деп жазады DW. 

Бардағы атыстан кейін ер адам далаға шығып, өтіп бара жатқан адамдарға да оқ атқан. 

Елдің ішкі істер министрі Данило Сарановичтің айтуынша, атыс салдарынан бірнеше адам жарақат алып, кемінде 10 адам көз жұмған. Олардың екеуі — мекеме иесінің балалары. 

Vijesti телеарнасының хабарлауынша, атыс алдында барда төбелес болған. Полиция аталған жағдайға жанжал, кикілжің себеп болғанын айтып отыр. 

Ішкі істер министрі оқиғадан кейін шабуылшының қала орталығындағы үйінің жанында өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын да айтты. 45 жастағы ер адам алған жарақаттарынан ауруханаға жетпей көз жұмды.

Черногория үкіметі жедел отырыс барысында 2, 3 және 4 қаңтарды қаралы күн деп жариялау туралы шешім қабылдады. Медициналық орталықтан тікелей эфирде сөйлеген премьер-министр Милойко Спаич оқиғаны «трагедия» деп атады. 

Еске сала кетейік, бұған дейін жаңа жыл түнінде Жаңа Орлеандағы оқиғадан көз жұмғандардың саны 15-ке жеткенін жазған едік.