Черногориядан алаяқтық жасады деген күдікпен түрік азаматы экстрадицияланды
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігі Интерпол ұлттық орталық бюросының қызметкерлері Қазақстанның Черногориядағы Елшілігінің көмегімен аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен түрік азаматын елге экстрадициялады.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдікті құрылыс компаниясының басшысы бола отырып, 2022-2024 жылдар аралығында жалған келісімшарттар жасасқан және үлестес ұйымдар арқылы Алматы қаласындағы тұрғын үй кешендерінің құрылысына арналған 6 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырған.
- Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған.
2025 жылғы наурыз айында ол Черногория аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды, - делінген бақылаушы органның ақпаратында.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды.
Аталған қылмыс үшін мүлкін тәркілей отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Айта кетейік, Қытайда Мьянмадан экстрадицияланған 11 мыңнан аса телефон алаяғы тергеуге алынды.