Чикагодағы Trump Tower ғимаратында қарулы әйел ұсталды

Фото: chicagotribune.com
ЧИКАГО. ҚазАқпарат – Чикагодағы Дональд Трампқа тиесілі көпқабатты үйде полиция винтовкамен қаруланған әйелді ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Chicago Tribune-ге сілтеме жасап.

Чикаго полициясының хабарлауынша, Trump Tower ғимаратындағы қонақ үйде винтовкасы бар әйелдің қыдырып жүргені туралы ақпарат жергілікті уақытпен таңғы 11:30 шамасында түскен.

Әйел сол күні ұсталды. Оны медициналық куәландыру үшін ауруханаға жеткізді. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Полиция сәрсенбі күні, өздерінің пікірінше, бұл тұрмыстық сипаттағы сирек жағдай екенін мәлімдеді. «Тұрғындарға қауіп төніп тұрған жоқ», - деді құқыққорғаушылар.

Полиция дерегінше, қарулы әйел ұсталғаннан кейін зардап шеккендер туралы ақпарат түспеген.

Бұған дейін Нью-Йорк прокуратурасы АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампқа жалған қаржы құжаттарын жасады деген айып тақты. Осылайша, Трамп қылмыстық іске айыпталып отырған алғашқы президент атанды.