Жасанды интеллект пен топырақ ылғалдылығын өлшейтін датчиктерге негізделген технология Кокимбо өңіріндегі шағын және орта фермерлерге климаттың өзгеруі салдарымен күресуге көмектесуге арналған.
Жергілікті El Maipo басылымының мәліметінше, «Өнімділікті арттыруға арналған ақылды ауыл шаруашылығы» жобасы интеллектуалды датчиктерді, автоматтандыру жүйелерін және жасанды интеллектіні пайдаланады. Әзірленген жүйе топырақтың ылғалдылығын өлшеп, өсімдікке су қажет болған кезде ғана суаруды автоматты түрде іске қосады. Бұл арзан жабдықтың көмегімен суды тиімсіз пайдалануды азайтуға мүмкіндік береді.
– Біз өңірдегі шағын және орта фермерлерге жасанды интеллект пен датчиктер жүйесіне негізделген автоматтандырылған суару арқылы құрғақшылықтың салдарын еңсеруге көмектесетін қолжетімді технологиялық шешім ұсынуды көздейміз, – деді жоба жетекшісі, Ла-Серена университетінің зерттеушісі Умберто Фариас.
Кокимбо өңірінің губернаторы Кристобаль Хулиа топырақтың ылғалдылығын өлшеу үшін микроконтроллерлер мен жасанды интеллект қолданылып жатқанын айтты. Оның сөзінше, бұл су ресурстарын тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Жоба аясында бұл технологиялар ауыл шаруашылығы мектептеріне де енгізіліп жатыр. Оның мақсаты – ауылдық жерлердегі оқушыларды заманауи инновациялармен таныстыру.
Эльки аңғарындағы ауыл шаруашылығы мектебінің директоры Сесилия Диас студенттердің жүйелердің жұмысымен тәжірибе жүзінде танысып, оларды құрастырып, қайта бөлшектей алатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл түлектерге еңбек нарығына салада сұранысқа ие дағдылармен шығуға мүмкіндік береді.
Ла-Серена университеті бұл технологияны басқа да білім беру ұйымдары мен ауыл шаруашылығы өндірушілері арасында кеңінен енгізуді жоспарлап отыр. Бұл климаттың өзгеруі жағдайында су ресурстарын ұтымды басқаруға ықпал етеді.
Айта кетейік, жуырда Moonshot AI ЖИ-дің әлемдегі ең ірі ерекше моделін таныстырды.
Ал Жапонияда жасанды интеллектінің көмегімен 46 мың аккаунтты өшірген күдікті қамауға алынды. Ол 15 жастағы жасөспірім болып шықты.
Ал неміс ғалымдары дабыл қақты. Себебі жұртқа ЖИ-ді оқыту үшін Германиядағы антикварлық кітаптар жойылып жатыр.