АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан UEFA Чемпиондар лигасының жартылай финалындағы екінші ойында Германияның «Боруссия Дортмунд» клубы Францияның «Пари Сен-Жермен» командасынан басым түсті.
Кездесу барысында командалар алғашқы минуттан бір-бірінің қақпасына гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Сол мақсатта қос команда тарапынан толассыз шабуылдар ұйымдастырылып, қызықты ойын өрбіді.
Ойынның 36-минутында германиялық клуб сапынан Никлас Фюллькруг соққан жалғыз гол кездесу тағдырын шешті. Осылайша «Боруссия Дортмунд» өз алаңында 1:0 есебімен басым түсті.
Германиялық команда бұған дейін 1997 жылы Чемпиондар лигасында топ жарса, «Пари Сен-Жермен» әзірге мұндай жоғары жетістікке қол жеткізе алған жоқ.
Еске салсақ, жартылай финалдағы тағы бір ойында «Бавария» мен «Реал Мадрид» тең түскен болатын.
Жартылай финалдың қарымта ойындары 7-8 мамыр күндеріне белгіленген. Финал 1 маусым күні Англияның «Уэмбли» стадионында өтеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.