«Бостандық аудандық № 2 сотына Бостандық аудандық ІІБ-нен Александр Кузнецовқа іздеу жариялау туралы өтініш түсті. Алайда, бүгін, яғни 8 қазанға белгіленген сот отырысы болмады. Отырысқа Бостандық ауданы ІІБ өкілдері келмеді. Соған байланысты сот 10 қазанға ауыстырылды», - деді Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен.
Сонымен қатар, іс материалдарында А.Кузнецов тарапының ордерінің көшірмесі болмаған.
2018 жылдың 4 қазанында сотталушыға заңдық құқықтарын қорғау үшін мемлекеттік қорғаушы бөлінді.
Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы «Чукотка» барының алдындағы төбелес кезінде Сырым Мұратқалиев көз жұмған болатын. Сол жылдың маусымында бірінші инстанция соты Кузнецовты абайсызда адам өлтіріп алғаны үшін 1,5 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Кейінірек, Алматы қалалық сотының апелляциялық коллегиясы «Адам денсаулығына қасақана нұқсан келтіру арқылы адам өліміне әкеп соқтыру» бабымен 8 жылға бас бостандығынан айырды. Кузнецов жазасын Алматы түбіндегі Заречный ауылындағы түрмеде өтеп жатқан еді.
2018 жылдың 2шілдесінде Александр Кузнецов түрмеден босап шықты. Сот оның өтелмеген 5 жылын айыппұлмен жабу туралы шешім қабылдады.
Кейін Алматы облыстық сотының апелляциялық коллегиясы адам өлтіргені үшін істі болған Кузнецовты колонияға қайтару жөнінде шешім шығарды.
Сот үкімі шығатын күні Александр Кузнецовтың Қазақстан аумағынан кетіп қалғаны белгілі болды.