Бұл туралы Алматы облыстық сотының баспасөз хатшысы Аида Садықова айтты. Алматы облыстық сотының апелляциялық коллегиясы қаза болған Сырым Мұратқалиевтың ағасы Дәулет Мұратқалиевтің арызын қараған болатын. Жәбірленуші Қапшағай сотының Александр Кузнецовтың өтелмеген мерзімін 1 млн теңге айыппұлға ауыстыру туралы үкімін қайта қарауды талап еткен еді. Көз жұмған Сырым Мұратқалиевтің ағасы Дәулет Мұратқалиевтің айтуынша, сот процесі жәбірленуші тараптың келісімінсіз өткен. Жәбірленушінің қорғаушысы Раушан Бисенова Қапшағай сотының бірқатар заңбұзушылық жібергенін дәлелдеуге тырысты. Судья Қанат Жантасов тараптарды тыңдай келе Қапшағай қалалық сотының үкімін жарамсыз етіп, Александр Кузнецовты колонияға қайтару туралы шешім шығарды.
Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы «Чукотка» барының алдындағы төбелес кезінде Сырым Мұратқалиев көз жұмған болатын. Сол жылдың маусымында бірінші инстанция соты Кузнецовты абайсызда адам өлтіріп алғаны үшін 1,5 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Кейінірек, Алматы қалалық сотының апелляциялық коллегиясы «Адам денсаулығына қасақана нұқсан келтіру арқылы адам өліміне әкеп соқтыру» бабымен 8 жылға бас бостандығынан айырды. Кузнецов жазасын Алматы түбіндегі Заречный ауылындағы түрмеде өтеп жатқан еді.
14:57, 14 Тамыз 2018
«Чукотка» барындағы төбелес: Сот Кузнецовты колонияға қайтарды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы облыстық сотының апелляциялық коллегиясы адам өлтіргені үшін істі болған Кузнецовты колонияға қайтару жөнінде шешім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.