«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы уақытында бекітілді. Оның ішінде бес маңызды бағыт анықталған. Осылайша, цифрлық трансформация әрбір салада өткізіледі. Адами капитал туралы айтатын болсақ, цифрландыру білікті мамандарға сұранысты арттырады. Осыған орай, 11 мың грант техникалық мамандықтарға бөлінеді. Бұл қосымша мамандарды даярлауға серпін береді. Оған қоса, бастауыш сыныптарда ІТ сабақтар беріледі. Университет студенттеріне арналған жаңа бағдарлама енгізіледі. Бағдарлама өнеркәсіп өкілдерімен бірге жазылады. Сонымен қатар «Нұр Отан» Саяси кеңесінде айталғандай, адами капиталды дамытуға аса мән берілуде. Айта кетсек, оқушыларға тегін бір мың ІТ-сынып және 20 ІТ-орталық жобасы іске асырылуда», - деп тоқталды Үкімет басшысының орынбасары.
Мұнымен қоса ол бүгінде Қазақстанда 447 қызмет электрондық түрде көрсетілетінін атап өтті. Бұл өз кезегінде анықтамаларды, лицензияларды, рұқсатнамаларды жылдам алуға мүмкіндік беріп, кәсіпорындарды жеңіл ашуға жағдай жасады. Сонымен қатар ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен ел тұрғындарынан 40 млн анықтама сұралмайтын болады. Осы орайда тиісті жұмыстар жыл соңына қарай іске қосылады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, парламенттік тыңдау барысында Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын цифрлық экономикаға жаппай тарту керектігін атап өтті.
Ал ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев цифрландырудың алғашқы нәтижелері туралы айтты.