Цифрландыруды дамыту: АT саласы және ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту шаралары

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2021 жылы 13 қазанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы Жарлыққа қол қойған еді. Оның негізінде 10 нақты Ұлттық жоба анықталды. Соның бірі - 2021-2025 жылдарға арналған «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы.

Аталған жоба цифрлық трансформация арқылы тиімді мемлекеттік басқаруды және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының ғылыми үлесін арттыруға бағытталған. Осы орайда, ұлттық жобаның нақты мақсат-міндеттері, цифрлық трансформация және ғылымды дамыту шаралары туралы Қазақпарат сарапшысының материалынан оқи аласыз.

Бағыттар, мақсаттар мен міндеттер

Жобаның негізгі мақсаты - елімізді заманауи мемлекетке айналдыру, цифрлық трансформация арқылы тиімді мемлекеттік басқаруды, сенімді деректер негізінде шешімдер қабылдауды, цифрлық дәуірде инфрақұрылымды тиімді және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету, сондай-ақ елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның үлесін арттыру.

Жалпы, ұлттық жоба 2 блоктан тұрады:

- цифрлық трансформация;

- ғылымды дамыту.

Цифрлық трансформация блогы - 6 бағыттан тұрады. Нақтырақ айтсақ, «Қызметтерді 5 минут ішінде көрсету», «АТ (ақпараттық технология) саласының дамуы», «Халық үніне құлақ асатын және тиімді мемлекет», «Жайлы өмір сүруге арналған цифрлық құралдар», «Технологиялық және инновациялық бизнесті дамыту» және «Сапалы интернет және ақпараттық қауіпсіздік».

Ал, ғылымды дамыту блогы - 4 бағыттан тұрады. Олар «Ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту - басты назарда ғалым», «Ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыру», «Елдің дамуына ғылымның үлесін арттыру: ғылым-өндіріс-бизнес» «Ғылымды әкімшілендіруді жетілдіру» бағыттары.

Жобаны іске асыруға 2,2 трлн теңге жұмсалмақ

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакиннің мәліметінше, ұлттық жобаны іске асыру үшін жалпы 2,2 трлн теңге қаражат жұмсалады.

«2022 жылға 214 946 678 мың теңге қарастырылды. Оның ішінде республикалық бюджеттен қаржыландыру – 168 604 514 мың теңге, жергілікті бюджеттен қаржыландыру – 2 874 399 мың теңге, бюджеттен тыс қаражат – 43 467 765 мың теңгені құрайды», - деді Асқар Жамбакин.

Сонымен қоса, ол биыл «Азаматтың «цифрлық әлеуметтік әмиянын енгізу» іс-шарасы аяқталатынын атап өтті. Сондай-ақ, вице-министр инфрақұрылым ретінде ҚР Ұлттық банктің төлем жүйесі – «Жедел төлемдер жүйесі» арқылы іске асатынын атап өтті. Нәтижесінде, «әлеуметтік әмиянды» банк инфрақұрылымымен өзара іс-қимыл жасай отырып енгізу - халыққа әлеуметтік қолдау құралдарын жетілдіруге және белсенді есепке алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге, бизнес үшін транзакциялық шығындарды азайтуға және қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Асқар Жамбакиннің айтуынша, қоғамдық бақылауды дамыту мақсатында азаматтар мен мемлекет арасындағы жауап берудің тиімділігін қадағалай отырып, өзара іс-қимыл жасау тетіктері құрылады.

«Бұл тетіктер халықтың және бизнестің мемлекеттік органдардың жұмысын бағалау бойынша ақпараттық жүйені пайдалануы олардың рейтингтерін жасауға ықпал ететін болады және қызмет көрсету сапасын жақсартуға ынталандыратын болады», - деді вице-министр.

Азаматтарды хабардар етудің бірыңғай нүктесі құрылады

Сондай-ақ, вице-министр 2022 жылы ұлттық жобада халық үніне құлақ асатын және тиімді мемлекет тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде азаматтарды хабардар етудің бірыңғай нүктесін (азаматтың жеке электрондық мекенжайы/мессенджер) құру көзделгенін атап өтті. Оның мақсатында мемлекеттік сектор ішіндегі процестерді оңтайландыруға, мемлекеттік органдармен байланыс жасау үшін халықты құралдармен қамтамасыз етуге (Е-петиция, е-өтініш), құжат айналымын төмендетуге бағытталған бірқатар жобаларды іске асыру жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.

20 АТ-мектебі ашылады

Бұдан бөлек, ол 2022 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі агробизнес үшін сұранысқа ие және тиімді автоматтандырылған жүйелерді ауқымды енгізу бойынша АТ (ақпараттық технология) қоғамдастығы мен агроқұрылымдар үшін ашық және есептелген қағидатты құратынын жеткізді.

«Ауыл шаруашылығы өндірісінде автоматтандырылған жүйелердің үздік практикаларын қолдануды ынталандыру, оның ішінде цифрлық технологияларды енгізетін агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын көрсету механизмдері әзірленеді», - деді Асқар Жамбакин.

Сонымен қатар, ол ақпараттық технология индустриясын дамыту үш элементтен тұратынын жеткізді. Олар - адами капиталды дамыту, жобалардың акселерациясы мен қажетті қаражат. Соның ішінде, адами капиталды дамыту бөлігінде 2025 жылға қарай қазіргі заманғы 20 ІТ-мектеп іске қосылатынын жеткізді.

«Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркі корпоративтік қоры базасында IT мектептерге ваучерлер (гранттар) бөлу механизмі әзірленді. Пилоттық жоба ретінде 2021 жылы 13 АТ мектебіне 100 грант берілді, ал 2022 жылы IT мектептерге 2000 грант беру жоспарлануда (1 ваучердің құны 600 мың теңгені құрайды). Бағдарламалау мектептеріне 2000 грант беру үшін сома республикалық бюджеттен нақтылау шеңберінде пысықталатын болады», - деді Асқар Жамбакин.

Вице-министрдің айтуынша, аталған шаралар мемлекет басшысының 100 мың маман даярлау жөніндегі алға қойған міндетіне қол жеткізуге бағытталған. Сондай-ақ, бизнес-инкубациялау және акселерациялау бөлігінде «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркімен жұмыс жалғасып, тәжірибе өңірлерге таратылады.

Бұдан бөлек, ол халыққа қызмет көрсету орталықтарының (бұдан әрі – ХҚКО) жұмысын жандандыру мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет «Мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ фронт-офистерінің бірыңғай брендбугі енгізілгенін айтып өтті.

«Барлық фронт-офистерге егжей-тегжейлі талдау жүргізілді және жеке логотип, жаңа брендбук және облыстарды стандарттар бойынша аймақтарға бөлуді қамтитын фронт-офистердің жаңа тұжырымдамасы әзірленді. QR-төлем енгізілді. Бұл жоба екінші деңгейдегі Kaspi.kz және Halykbank банктермен бірлесіп іске қосылды», - деді ол.

Сонымен қатар, ол азаматтарға қолайлы болуы үшін және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді көрсету сапасының деңгейін арттыру мақсатында құжаттарды жеткізу қызметі іске асырылғанын жеткізді. Пилоттық жоба аясында құжаттарды жеткізу облыстық маңызы бар және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жүзеге асырылған. Жоба іске қосылғаннан бері 3 482 құжат жеткізілген.

Сондай-ақ, вице-министр ұлттық жобада ақпараттық технология саласына 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құру көзделгенін атап өтті. Оның ішінде 2022 жылға 12 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған.

Ғалымдар мен зерттеушілер саны 1,5 есеге артады

Вице-министрдің мәлімдеуінше, ғылым саласында ұлттық жобаның жоғарыда аталған 4 бағыты бойынша ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту үшін ғалымдар мен зерттеушілердің санын 1,5 есеге яғни 22,6 мың адамнан 34 мың адамға дейін жеткізу үшін 2021 жылы жас ғалымдарға арналған гранттық қаржыландыру конкурстары шеңберінде – 1037 жас ғалым грантқа ие болған. Сондай-ақ, жетекші әлемдік ғылыми орталықтарға 416 ғалым тағылымдамаға жолданған.

«Кадрлық әлеуетті нығайту үшін корпаративтік басқару элементтерін ендіру және жас ғалымдардың кадрлық резервін құру бойынша шаралар қабылдануда. Жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында постдоктарантура енгізу жоспарланған», - деді Асқар Жамбакин.

Ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағыты бойынша дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік индексінің «Ғылыми зерттеу институттарының сапасы» атты көрсеткіші бойынша және InCites елдік рейтингісінде индекстелетін ғылыми журналдарда мақалалардың жалпы саны бойынша Қазақстан позициясының 65-орынға өсуін қамтамасыз ету көзделген.

«Осыған орай, 2022 жылы ғылыми институттарды модернизациялау, яғни зертханалар мен ҒЗИ құрал жабдықтарын сатып алуға, материалдық-техникалық базаны жаңарту үшін, республикалық бюджеттен – 2,9 млрд теңге қаражат қарастырылған», - деді ол.

Қорытындылай келе, ұлттық жобаны іске асыру жөніндегі жоспар-кестеге сәйкес ағымдағы жылы 47 іс-шараның аяқталу мерзімі аяқталады. Вице-министр осы іс-шараларды орындау жөніндегі ақпарат 2023 жылғы бірінші тоқсанда қалыптасатын ұлттық жобаны іске асыру туралы 2022 жылғы есепте көрсетілетінін жеткізді.

Венера Жоламанқызы