«Цифрлық Қазақстан»: Қылмыстық істер электрондық форматта ашылуда

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті жыл басынан бері 16 қылмыстық іс тіркеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы «Antikor Live» жобасы аясында өткен тікелей эфир барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Ахметов айтты.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде Бас прокуратура электрондық қылмыстық іс жүйесін жолға қойып, модулін әзірледі, ол ақпараттық сот жүйесімен біріктірілді. Қазіргі уақытта біздің департаменттің барлық тергеушілері осындай істерді тергеу үшін қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Жыл басынан бері біз электрондық форматта 16 қылмыстық істі тіркедік, олардың бесеуі негіздердің болмауынан тоқтатылды, қалғаны өндірісте. Жақын арада олардың жетеуі сотқа кетеді», - деді Мұрат Ахметов.

Жыл басынан бері 55 құқық бұзушылық тіркелді, оның ішінде парақорлық - 33, ұрлық - 12, лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану - 5.

Тікелей эфир барысында Мұрат Ахметов сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған адамдарды ынталандыру ережелері туралы хабарлады. Оның айтуынша, адамдар бұған белсенді қатысып, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлап отырады.

«Көптеген елдер осы жүйені қолданады. Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған адамдар пара немесе залал сомасының 10% алады. Ең жоғарғы сома төрт мың АЕК-ті құрайды және қылмыстың ауырлығына байланысты болады. 2020 жылы Алматының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 3,5 млн теңгеге 19 тұрғынды марапаттаса, биыл үш адам 600 мың теңгеден астам сомаға марапатталды», - деді спикер.