Циклон Қазақстанға жауын-шашын алып келеді, су тасқыны болуы ықтимал - 15 наурызға арналған ауа райы болжамы

None
АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - Ертең Қазақстанның басым бөлігі цкилонның ықпалында болады, соған байланысты жауын-шашын болып, жекелеген аудандарда нөсерлі жаңбыр жауып, жел күшейеді, тұман түсіп, көктайғақ орнайды деп күтілуде, деп хабарлады ТЖМ-нің баспасөз қызметі Қазгидрометке сілтеме жасай отырып.

Тек еліміздің батыс өңірлері антициклонның ықпалында болады, ауа райы жауын-шашынсыз болады.

Ақмола, Қарағанды, Қостанай, түнде Солтүстік Қазақстан облысында кей жерлерде тұман түседі, көктайғақ орнап, 15-20 м/с-қа дейін жел күшейеді, Қостанай облысында кей жерлерде аздаған қарлы бұрқасын болады. Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарында кей жерлерде тұман түседі, Жамбыл облысында 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады.

Алматы, Атырау облыстарында түнде тұман түседі, күндіз 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады, Атырау облысында кей жерлерде көктайғақ болады. Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында тұман түседі, Ақтөбе облысында кей жерлерде көктайғақ болады. Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында кей жерлерде 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады. Павлодар облысында көктайғақ орнайды, желдің екпіні 15-20 м/с-ты құрайды.

Алдағы тәулікте Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарының жекелеген өзендерінде күтіліп отырған еріген қар мен жаңбыр суының жиналуына байланысты су тасқыны болуы ықтимал.

Күтіліп отырған нөсерлі жаңбырға және қардың еруіне байланысты Шығыс Қазақстан облысының өзендері мен жылғаларында су деңгейінің көтерілуі ықтимал.