CҚО-да жетім балаларға тиесілі үйлерде басқа адамдар заңсыз тұрып келген
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары ата-ананың қамқорынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғады.
СҚО прокуратурасының мәліметінше, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мүлкінің сақталуына уәкілетті органдар жауапты. Алайда қадағалаушы органның тексерісі барысында өрескел заң бұзу анықталды.
Айыртау ауданында Балаларды қолдау орталығы орналасқан. Мұнда қазір Лобаново ауылындағы тұрғын үйде үлесі бар кәмелетке толмаған алты бала тәрбиеленіп жатыр.
Уәкілетті орган өзіне жүктелген міндетті толық орындамаған, яғни ұзақ уақыт бойы мүліктің не жағдайда тұрғанын білмеген.
Салдарынан бұл тұрғын үйге 2024 жылдың тамызынан бастап заңды негізсіз бейтаныс адам қоныстанған.
Мамлют ауданында «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның талаптарын бұза отырып, жетім балаларға арналған 2 коммуналдық пәтерде басқа адамдар тұрып келген.
Ал, Ақжар ауданындағы Балаларды қолдау орталығы тәрбиеленушісінің әкесі қайтыс болғаннан кейін оған облыстағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірінде жер үлесі қалған.
Құрылтай құжаттарына сәйкес кәмелетке толмаған адамның банк шотына жыл сайын әлеуметтік көмек (пайлық дивидендтер) келіп түсуі тиіс. Алайда, уәкілетті орган тарапынан бақылаудың болмауына байланысты 2024 жылы төлем жетім баланың банктік шотына түспеген.
Прокурорлардың араласуынан кейін жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құқығы қорғалды.
Бұған дейін СҚО-ның бұрынғы тұрғыны қос азаматтықпен жүргенін жазған едік.