«Classic» радиосы биылдан бастап Астанадан 102.7 әуетолқынында хабар таратады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылдан бастап «Classic» радиосы Астана қаласынан 102.7 әуетолқынында хабар таратады, деп хабарлайды «Қазақстан» РТРК» АҚ баспасөз қызметінен.

2012 жылдан бастап радиостанция өз тыңдармандарына музыкалық-білім беру бағытында жаңа бағдарламалар ұсына бастады. Бүгінде 102.7 әуе толқынында 9 жоба жарыққа шықты: «Киноблюз», «ДжазТайм», «Диалог», «Опера әлемінің інжу-маржандары», «Музыкалық күнделік», «Музыкалық Одиссея», «Грани», «Рецензия», «Классикомания». Былтыр қараша айында «Classic» радиосының «Классикомания» бағдарламасы «AIBs Inspiring Creativity Awards» Халықаралық Телерадио хабарларын тарату Ассоциациясы ұйымдастырған байқауда «Үздік шығармашылық радиобағдарлама» номинациясы бойынша арнайы сыйлыққа ие болды. «Classic» радиостанциясы - «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының бірлескен жобасы. Жобаның идеялық авторы - Құрманғазы атындағы ҚҰК ректоры, Қазақстан Республикасының Халық әртісі Жәния Әубәкірова. «Classic» радиосы - алғаш рет 2011 жылдың 6 маусымынан бастап хабар тарата бастаған тұңғыш классикалық музыка радиостанциясы. Радиостанцияның негізгі бағыты - түрлі жанрлар мен ұлттық мектептердің академиялық музыкасын тарату. Алматы қ. FM-жиілігі - 102,8. «Қазақстан» РТРК» АҚ құрамына «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы, «KAZsport», «Балапан» теларналары, «Қазақ» радиосы, «Астана», «Шалқар» және «Classic» радиолары кіреді.