«Coca-Cola Былғары доп-2013» турнирінің жеңімпазы ОАР-дағы бүкіләлемдік мини-чемпионатқа қатысады

АЛМАТЫ. 6 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Coca-Cola Былғары доп - 2013» футбол турнирінің ақтық ойын матчтарының жеребесі тартылды. Кіші жас тобының республикалық финалы 10-18 маусымда Семейде өтпек. Жалпы бұл жарыстың биылғы жетінші маусымы Қазақ футболының 100 жылдық мерейтойына арналып отыр.

2006 жылдан бері өтіп келе жатқан «Coca-Cola Былғары доп» турнирін Қазақстан футбол федерациясы мен «Coca-Cola» компаниясы бірлесіп ұйымдастыруда. Онда жоғарғы жас тобының биылғы жеңімпаздары футболдан соңғы Әлем чемпионаты өткен Оңтүстік Африка Республикасына бармақ. Олар онда тамыз айында Претория қаласында балалар арасындағы Әлемнің мини-чемпионатында ел намысын қорғайтын болады.