Coca-Cola компаниясынан 74 000 қызметкері туралы мәліметтер сақталған компьютерлер ұрланды

АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - Атлантадағы Coca-Cola компаниясының кеңсесінен оның 74 мың қызметкері туралы мәліметтері бар компьютерлер жоғалып кетті, деп жазады РБК The Wall Street Journal сілтеме жасап.

Бірнеше ноутбукта компанияның қазіргі және бұрынғы қызметкерлерінің жеке мәліметтері, атап айтқанда, әлеуметтік сақтандыру полистерінің нөмірлері, жүргізушілік куәліктері мен пошталық мекен-жайлары туралы ақпараттар болған. Компания өзінің АҚШ пен Канададағы қызметкерлеріне болған жайттан хабардар ететін хаттар жіберіп жатыр. Ондай хат қазір 18 мың қызметкерге жіберілді, тағы 56 мыңы хатты жақын арада алады. Хатта орын алған оқиғаға байланысты компания атынан кешірім сұралған. Баспасөз хатшысы Энн Мурдың сөзіне қарағанда, бұл қызметтік мәліметтерді қастықпен пайдалану жайттары тіркелген жоқ. Өтемақы ретінде компания қызметкерлеріне жеке мәліметтеріне қол сұғудан қорғау бағдарламасын бір жыл бойы тегін пайдалануға мүмкіндік бермек. Қылмыстық іске Coca-Cola компаниясының бұрынғы қызметкерлерінің қатысы бар, деген болжам бар. Атамыш мекемеде қазір оқиға бойынша қызметтік тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.