СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 9 наурыз күні Тайынша ауданының полиция бөліміне ауыл тұрғындары хабарласып, жақын маңда мылтық атылғанын айтқан.
Оқиға орнына бірден тәртіп сақшылары аттанып, ауыл маңынан ауданның екі тұрғынын ұстады. Олардың бірі - 36 жастағы қару иесі түз тағысын атты деген күдікке ілінді.
Сібір елігін атып алған орын да анықталды. Оқиға орнынан жануардың еті, қарда жүргіш көлік, 2 атылған гильза, тіркелген екі ұңғылы мылтық табылды.
Бұл дерек Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне «Заңсыз аңшылық» бабы бойынша енгізілді. Тергеу жүріп жатыр.
«Бұл - биылдыққа аудан аумағында тіркелген алғашқы заңсыз аң аулау фактісі. Браконьерлермен күресу үшін тұрақты түрде рейд жүргізіледі. Оларға аудандық полиция бөлімінің, СҚО полиция департаменті ЖПҚБ табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері, мүдделі ведомстволардың өкілдері қатысады», - дейді Тайынша ауданы полиция бөлімінің бастығы Нұрлыжан Ақтанов.