Comic Con Astana халықаралық фестивалінің ұйымдастырушылары екінші хедлайнердің есімін жариялады. Ол — Netflix-тің Эйитиро Ода мангасы негізінде түсірілген «One Piece» сериалында Манки Д. Луффи рөлін сомдап, әлемге танылған мексикалық актер Иняки Годой.
Comic Con Astana фестивалі биыл бесінші рет өтеді. 2026 жылғы 6–9 тамыз аралығында Қазақстан астанасында кино, сериал, комикс, бейнеойын, аниме және заманауи поп-мәдениет жанкүйерлері тағы да бас қосады.
Netflix-тегі ең сәтті премьералардың біріне айналған «One Piece» сериалы жарыққа шыққаннан кейін Иняки Годой өз буынының ең жарқын жас актерлерінің біріне айналды. Ол сомдаған кейіпкер — жігері мұқалмайтын қарақшылар тобының капитаны Монки Д. Луффи — аз уақыттың ішінде әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленді. Актер One Piece-тен бөлек «Кемеліне жетпегендер» және «Сараны кім өлтірді?» сериалдары, сондай-ақ «¡Ánimo Juventud!», «MexZombies» және «No abras la puerta» фильмдері арқылы да танымал.
Comic Con Astana аясында Иняки Годой фестивальдің басты сахнасына шығып, жанкүйерлердің сұрақтарына жауап береді. Сондай-ақ автограф және фотосессияларға қатысады.
Бұған дейін Comic Con Astana 2026 фестивалінің алғашқы хедлайнері ретінде «Тақтар таласы» сериалындағы Джейме Ланнистер рөлімен танылған даниялық актер Николай Костер-Вальдау жарияланған еді. Актер «Қара сұңқардың құлауы», «Аспан патшалығы», «Обливион», «Мысыр құдайлары», «Анашым», «Бостандыққа атылу» фильмдерінде, сондай-ақ «Соңғы айтқаны» және «Патша мен жаулаушы» сериалдарында ойнаған. Николай Костер-Вальдаудың алдағы жобаларының бірі — «Болашаққа оралу» және «Форрест Гамп» фильмдерін түсірген Роберт Земекистің жаңа The Last Mrs. Parrish фильмі. Netflix-тің бұл жаңа жобасында актер Дженнифер Лопеспен бірге ойнайды.
Comic Con Astana 2026 фестиваліне халықаралық кино жұлдыздарымен қатар танымал блогерлер, контент авторлары және әлемдік косплей индустриясының өкілдері де қатысады.
Фестивальдің арнайы қонақтарының қатарында:
- Kamui Cosplay — Германиядан шыққан, әлемге танымал шығармашылық дуэт. Күрделі әрі ұсақ-түйегіне дейін мұқият жасалған костюмдерімен ерекшеленетін дуэт әлемдік косплей индустриясының көшбасшыларының бірі саналады;
- SuperCrastan (Даня Крастер) — орыс тіліндегі YouTube кеңістігінің ең танымал авторларының бірі, өнертапқыш әрі ғылымды көпшілікке түсіндіруші. Ірі DIY жобалар мен ерекше инженерлік жобалардың авторы;
- Jane Kravitz — жұмбақ оқиғалар, тергеулер және деректі видеоэсселерге арналған YouTube арнасының танымал авторы;
- Karrambaby— Instagram мен YouTube желілерінде миллиондаған аудиториясы бар ресейлік видеоблогер. Сән, саяхат және күнделікті өмір тақырыбында контент жасайды;
- Dobryak— миллиондаған қаралым жинаған анимациялық бейнероликтердің авторы, орыстілді YouTube кеңістігіндегі ең танымал аниматорлардың бірі;
- Dalbek — фильмдер, мультфильмдер және анимацияға арналған шолуларымен танылған қазақстандық блогер, ойын-сауық контентінің авторы.
2026 жылы Comic Con Astana былтырғыдай екі алаңда өтеді. Фестивальдің басты сахнасы мен хедлайнерлермен кездесулер Barys Arena аумағында өтеді. Ал «Алау» мұз сарайы тақырыптық аймақтар, компаниялар мен серіктестердің стендтері, ойын кеңістіктері, таныстырылымдар, интерактивті бағдарламалар және қонақтарға арналған түрлі ойын-сауықтар шоғырланған ауқымды көрме кеңістігіне айналады.
Comic Con Astana фестивалінің дәстүрлі бағдарламаларының бірі — жыл сайын әртүрлі елдерден үздік косплейшілерді жинайтын халықаралық косплей байқауы. Биыл байқаудың жүлде қоры 20 миллион теңге. Бұл оны өңірдегі ең ірі косплей сайыстарының қатарына шығарады.
Comic Con Astana осы жылдар ішінде Орталық Азиядағы заманауи поп-мәдениетке арналған ең ірі фестивальдердің біріне айналды. Әр жылдары фестивальдің хедлайнерлері ретінде Мадс Миккельсен, Энди Серкис, Пилу Асбек, Скотт Эдкинс, Эсай Моралес, Майкл Рукер, Шон Ганн, Перси Хайнс Уайт және Александр Кузнецов қатысты.