Comic Con Astana фестиваліне шетелдік туристер келіп жатыр

Фото: Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — 25-28 шілде күндері елордада III халықаралық Comic Con Astana фестивалі өтеді. Бұл — комикстер, кинематография, видео ойындар, аниме және гик-мәдениеттің өзге де бағыттарына арналған халықаралық фестиваль.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

«Фестиваль елордада 2019 жылы алғаш рет өткен еді. Одан кейін 2023 жылы және бүгін үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Фестивальдің мақсаты — Астананы әлемге танымал ету, туризм саласын дамыту. Былтыр біз 50 мыңнан астам адамды қабылдаған едік. Бүгін 45 мыңнан астам билет сатылды. Жеті жасқа дейінгі балалар тегін кіреді, осылайша шамамен 100 мыңға жуық адам болады деп жоспарлап отырмыз. Мұндай фестиваль әлемде ауқымды түрде өте бермейді. Сондықтан алыс-жақын шет елдерден де 3-5 мың қонақ келді. Әрине, өзіміге шекаралас елдерден көбірек келеді. Фестиваль негізінен демеушілер есебінен жүргізіледі, әкімдік өз кезегінде іс-шараның қауіпсіз өтуіне атсалысады», — дейді Астана қаласы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабай. 

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Фестиваль шоу бағдарламасының дәстүрлі элементі — жүлде қоры 12 000 000 теңгені құрайтын халықаралық косплей байқауы болмақ.

Оған қатысуға 14 елдің косплейшілері өтініш білдірді: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Беларусь, Ресей, БАӘ, Қытай, Гүржістан, Черногория, Ұлыбритания, Армения, Кипр және Тайланд.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Косплей байқауында қазылар алқасы құрамында Даниядан келген дарынды косплейші және костюм шебері Trine, халықаралық чемпионаттардың бірнеше дүркін жеңімпазы, Франциядан келген косплейші Cinderys сонымен қатар салада 8 жылдық тәжірибесі бар косплейші, Comic Con Astana 2023 косплей байқауының жеңімпазы Keller бар. 

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Фестивальдің басты хедлайнерлерінің бірі — «Ганнибал» сериалымен, сондай-ақ «Доктор Стренж», «Казино Рояль», Rogue One: A Star Wars Story, Indiana Jones and the Dial of Destiny фильмдерімен танымал дат актері Мадс Миккельсен болмақ.

Арнайы қонақтар — видеоблогер Chuck Review, Anastasiz және Ян Топлес, дубляж актерлері Всеволод Кузнецов, Петр Гланц, Ислам Ганджаев, Егор Васильев, суретші-иллюстратор Djuney9. 

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Сондай-ақ, ТМД елдеріне танымал «Слово пацана. Кровь на асфальте» сериалында басты рөлдердің бірін сомдаған актер Рузиль Минекаев конвентке қатысады.

Фестивальге дорамаларды, сондай-ақ корей фильмдерін аударуға және дубляж жасауға маманданған танымал SoftBox студиясының негізін салушы «Ханзада Лимон мен Аконья» есімімен танылған Юрий және Аруна Ким қатысады. 

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Тағы бір танымал қонақ — «Внутри Лапенко» сериалы арқылы көптеген көрерменге таныс актер және видеоблогер, сондай-ақ «Настоящий герой» комиксі бойынша түсірілген фильмнің басты кейіпкері Антон Лапенко.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Суретші, продюсер, survival horror және визуал хоррор жанрындағы «Зайчик» компьютер ойынының авторы Saikono Joker, «Ведьмак» жанкүйерлері үшін Maul Cosplay атымен танымал Германиядан келген атақты Геральт косплейшісі Бен Шамның қатысуы да тосынсый болады. 

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

JKS Entertainment продюсерлік компаниясының блогерлері (Хома, Алина, Адалят, Аида және Рахат), актер Әсел Сағатова, Санжар Мәди, Гүлнар Сілбаева және Дина Тасболатова барлық сұрақтарға жауап береді және қонақтарға қолтаңба-сессия өткізеді. 

Сондай-ақ қазақстандық қонақтардың арасында режиссер Айсұлтан Сейітов бар.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Іс-шарада «Приговор» фильм авторларының жаңа Jurek жобасының тұсаукесері жоспарланған. Танымал 3D Cinematic әртіс және контент-креатор Феоктист Алексеев (Design by FEO) өзінің жаңа Bulletproof анимациялық мультсериалын ұсынады. 

Comic Con Astana фестивалінде Sәlem Entertainment медиа-компаниясы эксклюзив түрде Offside, «4 градус», «QARGA 2», «Тырна», «Няня 2», «Патруль 7» сияқты алдағы бірнеше жобасын және «СӘКЕ», «Патруль» толықметражды фильмдерін ұсынады. 

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Сонымен қатар, фестиваль бағдарламасында гик-жәрмеңке, танымал авторлардың дәрістері, үстел ойындары, киберспорт қондырғылары ұсынылады. 

Фестиваль күндері дәстүрлі түрде талантты суретшілер, кітап және комикс авторлары, иллюстраторлар және креатив индустрияның басқа да бірқатар өкілдері жұмыстарының көрмесі — Авторлар аллеясы өтеді.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Бұл алаңда дәстүрлі түрде арнайы керек-жарақтар, аниме, комикстер, кітаптар, қолөнер бұйымдары немесе ерекше тауарлар сатып алуға болады.

Онда жанкүйерлердің жүрегін жаулаған танымал авторлар да, жарқын дебютанттар да болады. 

Авторлар аллеясының жұмысына 100-ден астам автор қатысады.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform