Косплей байқауының жүргізушісі Алмаз Мыржақыповтың айтуынша, фестивальдің танымал болуына әлеуметтік желілердегі жарияланымдар мен қатысушылардың оң пікірі айтарлықтай ықпал етіп отыр.
Ол Comic Con Astana бүгінде ортақ қызығушылығы бар мыңдаған адамды тоғыстыратын дәстүрлі жыл сайынғы іс-шараға айналып келе жатқанын атап өтті.
— Меніңше, жыл өткен сайын фестиваль туралы ақпарат ауыздан ауызға тарап, оған қызығушылық артып келеді.
Адамдар фестиваль туралы әлеуметтік желіден көріп, оның ерекше атмосферасына қызығады. Сондықтан биыл келушілер саны көбірек болады деп ойлаймын. Нақты статистиканы ұйымдастырушылар айтады, бірақ қатысушылардың белсенділігі бұрынғыдан да жоғары, — деді Алмаз Мыржақыпов.
Оның сөзінше, фестивальдің ауқымы, әлемге танымал актерлермен жүздесу мүмкіндігі және түрлі ойын-сауық бағдарламалары Comic Con-ды гик-мәдениет жанкүйерлері үшін ерекше оқиғаға айналдырады.
— Comic Con Astana 2026 алуан түрлі бағдарламасымен, танымал актерлердің қатысуымен және қатысушыларға жаңа мүмкіндіктер беруімен ерекшеленіп отыр. Осындай үлкен шараның елімізде жыл сайын ұйымдастырылатынына қуаныштымын, — деді спикер.
Биыл Comic Con Astana фестивалі 6–9 тамыз аралығында өтеді. Бағдарламада рекордтық жүлде қоры бар косплей байқауы, шетелдік қонақтармен кездесулер, гейминг аймақтары және отбасының барлық мүшесіне арналған түрлі ойын-сауық шаралары қарастырылған.