Cоңғы жарты жылда құжаттарды айырбастауға қатысты өтініштер саны рекордтық көрсеткішке - 1 млн. 600 мыңға жетті - Әділет министрлігі

АСТАНА. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Cоңғы жарты жыл ішінде құжаттарды айырбастауға қатысты өтініштердің саны рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Атап айтқанда аталған мерзім ішінде 1 млн. 600 мыңға жуық өтініш тіркелген. Бұл туралы бүгін ҚР Әділет министрлігінде өткен брифинг барысында ведомствоның ресми өкілі Ерболат Ерімбет мәлім етті.

Брифинг барысында ресми өкіл жеке басты куәландыратын құжаттарды дайындаумен байланысты азаматтар тарапынан шағым көбейгенін айта келе, ондағы ахуалға тоқтала отырып, қалыптасқан жағдайдың бірнеше себептерін айтты. «Бірінші себебі - Жеке сәйкестендіру нөмірлерін алуға жаппай өтініштің түсуінен туындайды. Азаматтарға құжат ауыстырып, ЖСН алу үшін 3,5 жыл уақыт берілген болатын. Алайда, өткен үш жыл ішінде тұрғындар белсенділік танытқан жоқ. Статистикаға сүйенсек, 2007 жылы ЖСН-і бар құжаттар айырбастауға 50 мың өтініш, 2008 жылы - 144 мың, 2009 жылы 104 мың адам ғана өтініш берген. Ал соңғы алты ай ішінде олардың саны 900 мыңнан асты. Екінші себебі - өткен жылдан бастап, жаңа үлгідегі пластикалық - электронды чипі бар жеке куәлік енгізілген еді. Тұрғындар да осы жаңа куәлік алуға ұмтылуда. Үшіншіден - Еуроодақ визалық кодексті қабылдады. Оған сәйкес, 10 жыл өткен төлқұжатқа Шенген визасы берілмейді», деді Е. Ерімбет.

Ресми өкіл аталған себептерге қатысты төлқұжаттар мен жеке куәліктерді жедел дайындауға өтініштер қабылдау уақытша тоқтатылғанын мәлім етті. «Алайда, егер азаматқа құжаттарын жедел алуға шұғыл қажеттілік болса, онда ол Халыққа қызмет көрсету орталықтарына немесе әділет басқармаларына растайтын қажеттілік құжаттарын (жол жүру билеті, елшіліктің шақыртуы, іссапар куәлігі, мемлекеттік органдар, спорт ұйымдарының өтініші) тапсыруы тиіс. Бұл жағдайда жеке басты куәландыратын құжаттарды алуды алдын ала ойлау қажеттігіне азаматтардың назар аударуын сұраймыз», деді Е. Ерімбет.