COSCO Shipping «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА дамытуға инвестиция салмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат -15 мамырда Бейжіңде «Бір белдеу -бір жол» халықаралық ынтымақтастық форумы аясында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ COSCO Shipping, Ляньюньган порты корпорацияларымен бірлесіп, «Қорғас- Шығыс қақпасы» азат экономикалық аймағын дамытуға арналған инвестициялық келісімге қол қойды, деп хабарлайды «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

Қытайлық инвесторлар «KTZE - Khorgos Gateway» ЖШС құрғақ портының 49 пайыздық үлесін бірлесіп сатып алуды жүзеге асырады.
Халықаралық логистикадан стратегиялық серіктестерді тарту «Қорғас- Шығыс қақпасы» АЭА дамуына жаңа серпін береді және Азия мен Еуропа арасындағы жүк ағындарын шоғырландыру және дистрибуциялау бойынша ірі өңірлік хабын құруға мүмкіндік жасайды.

«Қорғас-Шығыс қапасы» АЭА COSCO Shipping компаниясының қызметін пайдалана отырып, ғаламдық логистикалық қызмет көрсету деңгейіне көтеріліп және халықаралық логистикалық желіде қазақстандық транзиттік дәліздердің интеграциялануын қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, қол қойылған келісім Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы көлік-логистикалық саланын одан әрі дамытуға бағытталған, сондай-ақ ол қазақстандық «Нұрлы жол» бағдарламасы мен қытайлық «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамасын үйлестіре дамытуға ықпал ететін болады.