Coursera платформасы 200 мыңға жуық қазақстандық студентке сертификат табыстаған
АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Coursera компаниясымен арадағы әріптестіктің нәтижесін тізіп шықты.
- Coursera компаниясымен соңғы үш жылдағы бірлескен жұмысымызды ерекше атап өткім келеді. Осы кезеңде 197 926 студент оқытудан өтіп, 388 573 сертификатқа ие болды, - деді ол.
Айтуынша, қазақстандық студенттер Coursera платформасы арқылы жасанды интеллект бағытындағы 225 курсты меңгере алады.
- Сонымен қатар AI-Sana бағдарламасы аясында студенттер 72 406 сертификат алды. Бұл олардың цифрлық және жасанды интеллект бағыттарына жоғары қызығушылығын көрсетеді, - деді вице-министр.
Еске салсақ, Coursera бас директоры Грег Харт Қазақстан мен компания ынтымақтастықтың жаңа сатысына аяқ басқанын айтқан еді.