COVID-19: Алматыда симптомсыз науқастар стационарға жатқызылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда симптомсыз COVID-19 тасымалдаушылар ауруханаларға жатқызылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Науқастардың 35-36% індетті үй жағдайында жұқтырады. Осыған байланысты Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы инфекцияның тарлауын азайту үшін симптомсыз тасымалдаушыларды анықтап, оларды оқшаулап, күзетілетін стационарларға жатқызады», - деді Жандарбек Бекшин.

Бұған дейін Жандарбек Бекшин қаладағы коронавирусқа қатысты жағдайдың әлі де күрделі екенін айтқан болатын.

Сонымен қатар, ол алматылықтардың коронавирусты қай жерде жиі жұқтыратынын айтты.

Айта кетейік, Алматыда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың тапсырмасына сәйкес жаңа карантин шектеулері енгізіледі.