COVID-19: Елордада 75 адам реанимацияда жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада 75 адам реанимацияда жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Тимур Мұратов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаладағы эпидемиологиялық жағдай әлі де қолайлы емес. Ковид жұқтырғандардың саны қаңтар айының басында 5 мыңнан 300-ге дейін төмендеді. Көрсеткіштерді жақсы деп атауға болмайды. Дегенмен, сырқаттанудың біршама азайғаны бар. Бүгінгі таңда ковидтік стационарларда 531 пациент ем алуда, инфекциялық төсек-орын жүктемесі 30 пайыз төңірегінде. Бірақ, өкінішке орай, реанимациядағы төсек жүктемесі әлдеқайда жоғары – 50 пайыз. Статистика көрсетіп отырғандай, ауырлығы орташа дәрежедегі госпитализацияға пациенттердің қысқаруымен ауыр және өте ауыр науқастардың саны азаймайды. Бүгінгі күні реанимацияда 75 адам бар. Оның ішінде 19-ы өкпені жасанды желдету аппаратының көмегімен тыныс алып жатыр», - деді Тимур Мұратов елорда әкімдігінде өткен брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, реанимациялық төсек-орындарда өмір үшін күресте жатқандар көбінесе үйде өзін-өзі емдеумен айналысқан немесе жеке клиникалардан дәрігерлердің нұсқауы бойынша антибиотиктер қабылдаған.

«Көптеген пациенттер ПТР-тестілеуден өтпегенін де мойындайды. Таныс дәрігерлердің ұсынған әдісімен емделуді шешкен. Мұның бәрі жағдайдың нашарлай бастағанына және оларды ауыр жағдайға әкелуіне себеп болды. Тұрғындардан мұндай медициналық көмекке жүгінбеуді не үшін өтініп отырмыз? Себебі жеке медициналық ұйымдардың қызметкерлері хаттамаға сәйкес коронавирусты емдеу нұсқаулары бойынша оқытылмаған. Жеке клиникаларда сіздерге емдеу үшін дереу күшті антибиотиктерді, кейбір гормоналды препараттарды ұсынады. Бұл - дұрыс емес. Біз болсақ, дәрігерлерімізді осы бағытта оқыттық, біліктіліктерін арттыруды жалғастырып келеміз. Сол себепті азаматтардың назарын осы маңызды сұраққа қайта бұрғым келеді. Коронавирусты инфекцияны емдеуде біліктілігі бар қалалық ұйымдардың мамандарына жүгінуге сұраймыз», - деді ол.