Cыр бойында азық-түлік тауарлары бағасын ауыздықтау шаралары жасалып жатыр
Жауырды жаба тоқуға бола бермейтінін ақыры түсінген облыс басшылығы бұған қатты алаңдаушылық білдіріп, бағаның одан әрі шарықтап кете бермеуінің алдын алу шараларын қарастыруға кірісті.
Атап айтқанда, жұрттың күнделікті тұтынымына керекті азық-түлік заттарын өсірмеу мақсатында жақын арада облыс бойынша 32 әлеуметтік сауда алаңдары ашылды. Аймақта сондай-ақ 4 коммуналдық базар бар. Облыс орталығындағы «Арзан базар» жанынан тауарлары нарық бағасынан арзан сатылатын 8 әлеуметтік алаңы ашылған.
Әйтсе де, осыған арналған жиында облыс басшысы бүгінгі күні коммуналдық базардан күткен тиімділікке қол жеткізілмей отырғанын мойындады. Мұның өзі менеджменттік жұмыстар сапасына ғана қатысты болып тұр. Қазіргі таңда олардың тиімділікпен жұмыс істеуін қамтамасыз ететін шаралар кешені ойластырылуда. Сонымен қатар барлық аудандар орталығы мен Қызылорда қаласында ауылшаруашылық жәрмеңкелері өткізілуде. Жыл басынан бері өткен мұндай жәрмеңкелер саны 30-ға жетті.