D дәруменінің жетіспеушілігі адам ағзасына қауіп төндіреді

АСТАНА. ҚазАқпарат - D дәруменінің жетіспеушілігі адам ағзасына қауіп төндіреді, дейді мамандар. Бұл остеопороз ауруына алып келуі мүмкін.

Бұл дәрумен бұлшық ет күшін жақсартады, обыр мен диабет ауруынан сақтайды, дейді ғалымдар. Манчестер Университетінің ғалымдары бұл дәруменнің жетіспеушілігі ревматизм мен неврологиялық бұзылыстарға алып келетінін айтуда.

D дәруменіне бай тағамдарға балық майы, балық, саңырауқұлақ, жұмыртқаның сары уызы мен бауыр жатады. Сонымен қатар күн көзінде жиі жүрген абзал. Өйткені ультракүлгін сәуленің әсерінен денеде D дәрумені түзіледі. Бала ағзасында бұл дәрумен жеткілікті болмаса, рахит ауруына шалдығуы мүмкін.

Манчестерлік мамандар тәжірибеге 2300 адамды қатыстырған. Тәжірибе барысында D дәрумені жетіспейтін адамдар жиі ауруға шалдыға берген көрінеді. Оларда көңіл күйдің ауытқушылығы, күйзеліс, сүйек-бұлшық ет жүйесі аурулары байқалған, деп жазады шетелдік БАҚ.