Д.Грибаускайте Н. Назарбаевты Литваға сапарлап келуге шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Литва Республикасының Президенті Дали Грибаускайте Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануына орай құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Д.Грибаускайте Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтап, мықты денсаулық, сарқылмас күш-қуат және табыс тіледі.

«Литва мен Қазақстан арасындағы достық қатынас, сондай-ақ елдеріміздің оң бастамалары екіжақты ынтымақтастықты қарқынды дамытуға мүмкіндік береді. Біз таяу болашақта сауда, көлік, мәдениет және ғылым салаларындағы өзара тиімді жобаларды жандандырамыз деп үміттенемін. Біздің бірлескен күш-жігеріміз елдеріміздің игілігіне жұмсалатын болады», - делінген құттықтауда.

Литва Президенті сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевты және барша Қазақстан халқын Қазақ хандығының 550 жылдығы, Конституцияның, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы мерекелерімен құттықтап, республикамызға бақ-береке тіледі.

Д.Грибаускайте Қазақстан Президентін Литваға сапарлап келуге шақырды және ол сапар елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықты екіжақты деңгейде және Еуропалық одақпен қарым-қатынас аясында одан әрі нығайтудың жаңа мүмкіндіктерін жан-жақты талқылауға жағдай туғызатынына сенім білдірген.