«Жылдар жылжып, ұрпақтар ауысып өткенге деген баға да өзгереді. Әйткенмен, кешегі қанды қасап жиһангерлік соғыстағы жеңістің нарқын ештеңе өзгерте алмас. Біз онда өзіміз үшін емес, бүкіл әлемді аман алып қалу үшін шайқастық. Қолдан келместің қисынын келтіріп жеңіп шықтық», - дейді полковник Сұлтан Жиенбаев. Майданда көрсеткен ерен ерліктері үшін 2 мәрте Ұлы Отан соғысының 1-ші дәрежелі орденімен және «Отан үшін», «Германияны жеңгені үшін», «1941-1945 жылдардағы қажырлы еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған майдангер 1921 жылы 22 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген болатын. Еңбек жолын Түркістан - Сібір темір жолының Алматы бөлімшесінің жұмысшыларды жабдықтау бөлімінде бастаған ол 1959-60 жылдары Фрунзе (қазіргі Медеу) ауданының бірінші хатшысы, 1960-1962 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде бөлім бастығы, 1962-1970 жылдары Қазақ КСР Сауда министрі, 1970-1984 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
Алматыдағы Жібек жолы мен Абылай хан көшелерінің қиылысындағы Орталық әмбебап дүкенінің (қазіргі «Заңғар») салынуына ұйытқы болып, оған жетекшілік жасаған Сұлтан Сүлейменұлы 3 дүркін Социалистік Еңбек Ері атанған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың айнымас серігі, адал інісі болды. Ел ағасымен 25 жыл бірге жұмыс жасап, 30 жыл бір үйде көрші тұрған С. Жиенбаевтың Қазақстанның экономикалық жағынан дамып, халқымыздың әл-ауқатының артуына қосқан зор еңбегін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан жоғары бағалап, қайраткердің 70, 80, 85 жасқа толған мерейтойында арнайы құттықтаған болатын. Соның бірінде: «Сіздің еліміздің экономикалық жағдайын дамытуға, адамдардың әл-ауқатын арттыруға қосқан үлесіңіз орасан зор. ... Ауыр жарақат алып, елге оралғаннан кейінгі уақытта да Сіз абыройлы өмір сүріп, қай салада еңбек етсеңіз де, іске деген ыждаһатыңызбен, іскерлігіңізбен, қажыр-жігеріңізбен, зор ұйымдастырушылық қабілетіңізбен ерекше танылдыңыз. Мемлекеттік басқару органдарында жоғары лауазымды қызметтер атқарған Сіздің еліміз экономикасының сан аласының өркендеуіне қосқан үлесіңіз үлкен. Осы жылдар ішінде Сізден тағылым алған талай азамат білікті маман, білгір ұйымдастырушы болып қалыптасты»,- деп ерекше ілтипат білдірген еді.