Д.Медведев: Рубль әлемдік резервтік валютаға айналуы мүмкін

АСТАНА. 28 қыркүйек. ҚазАұпарат - Ресейлік рубльдің жаңа әлемдік резервтік валютаға айналуына үміт мол, деп санайды РФ премьер-министрі Дмитрий Медведев.

 Ол Ялтада ТМД елдерінің халықаралық инвестициялық форукмында сөйлеген сөзінде осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлады РБК.

Әлемдік  валюта жүйесі туралы өз пікірін білдіре отырып, Д.Медведев оның тұрақсыздығын атап көрсетті. «Әлем бірде-бір резервтік валюта өзінің бәрінен жоғары бола алмайтындығымен бетпе-бет келді», - деп атап өтті премьер және оған 2008-2009 жылдардағы дағдарыс кезінде доллардың тұрақсыз болғанын және қазіргі еуроаймақ дағдарысын тілге тиек етті.

Д.Медведевтің айтуынша, қазіргі жүйеге жаңа резервтік валюталар түріндегі қосымша тірек керек. «Мен бұл орайда рубльдің осындай валютаға айналуына үміті зор деп санаймын», - деп мәлімдеді ресейлік премьер және қазір Ресей осы жобаны жалғыз өзі емес, Бірыңғай экономикалық кеңістік бойынша әріптестерімен бірге алға жылжытуда, деп қосты.

РФ премьері қытай юаны да болашағы зор резервтік валютаның бірі екенін еске салды. «Әзірге қытайлық достарымыз оны айырбасталатын валюта ретінде енгізуді қолға алған жоқ, егер олар осындай шешім қабылдайтын болса, көптеген мемлекеттер өз резервтерін юаньға айырбастайтынына күмән жоқ», - деді және бұл қазірдің өзінде «өмірдің талабы» деп қосты.