Д.Мыңбай Мәдениет және ақпарат саласының үздіктеріне мемлекеттік наградалар табыстады

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай бірқатар қайраткерлер мен қызметкерлерге мемлекеттік наградаларды табыс етті.

Олар Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен еліміздің мәдениеті мен ақпарат саласына қосқан айрықша үлестері үшін «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақстанның еңбегі сіңген мәдениет қайраткері атақтарына және ҚР құрмет грамотасына ие болды.  

«Бұл марапатқа адам жайдан жай келмейді. Ол - ерен еңбектің, тер төгудің, білімнің арқасы. Қазақстанның мәдениетін бүкіл әлемге танытуға үлкен үлес қосып жүрген адамдарға бүгін осындай үлкен марапаттар беріліп жатыр», - деп түйіндеді сөзін министр. 

Осылайша, кеуделеріне «Құрмет» орденін таққандардың қатарында «Хабар» АҚ төрағасының бірінші орынбасары Алмагүл Ахметжанова, «Түркістан» газетінің қызметкері Тынышбек Дайрабай, «Хас Санат» өнер галереясының директоры Жанат Еңсебаева, «Егемен Қазақстан» газеті редакторының орынбасары Самат Мұса және тағы басқалары бар. Ал «Ерен еңбегі үшін» медальдарына «Қазақстан» ұлттық арнасы бағдарламалар бөлімінің бастығы Сәуле Жиреншина, ҚР Мәдениет және ақапарт министрлігі ақпарат және мұрағаттар комитеті басшысының орынбасары Қуат Борашев, «Егемен Қазақстан» газетінің корректоры Зарипа Төлешева және тағы басқалары лайық деп танылыпты. Сонымен қатар Қазақстанның еңбегі сіңген мәдениет қайраткері атақтарына белгілі күйші Нұркен Әшіров, «Шабыт» байқауының лауреаты, биші Эльмира Бекқали, суретші Тілеуберді Бинашев ие болды.

 «Елбасы атап өткеніндей, ең басты құндылығымыз - Тәуелсіздік. Мен барлықтарыңызды Тәуілсіздік мейрамымен тағы да құттықтай отырып, алда атқарылатын жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Еліміздің қол жеткізген барлық жетістіктеріне барлықтарыңыздың да үлестеріңіз бар. Қай елде де мәдениет, өнер, ақпарат, әдебиетсіз ешқашанда экономика алға жылжымайды. Өйткені біз халыққа рух береміз», - деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Д.Мыңбай.  

Еске сала кетейік, бұның алдында ел Тәуелсіздігі мерекесіне орай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және ҚР Мемлекеттік хатшысы М.Құл-Мұахммед бүгін Ақордада Сұлтан Оразалы, Жүрсін Ерман, Қуат Шілдебай, Бибігүл Жексенбай, Ақан Сатаев, Ділнәз Ахмадиева сынды мәдениет және өнер қайраткерлеріне мемлекеттік наградаларды табыстаған болатын.