Д.Назарбаева: Академиялық еркіндік мәселесінде бастысы - артық кетіп қалмасақ болды
Вице-премьер ҚазАТУ-дің еліміздің заманауи аграрлық университетіне айналу үдерісінің маңыздылығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар ол елімізде енгізілгелі жатқан жоғары оқу орындарын автономиялық басқару мен академиялық еркіндік жүйесіне қатысты өз көзқарасымен де бөлісті.
«Бұл екі бағыттағы қозғалысы бар жол, себебі еркіндік үлкен жауапкершілік артады. Біз қазір автономиялық жүйеге, академиялық еркіндікке көшуге талпынып отырмыз. Оның үстіне көңіліміз қалмау үшін бұл мәселеде артық кетіп қалмауымыз керек. Сол себепті автономия мәселесіне байыпты қарауымыз қажет. Барлығын талдап шығуымыз тиіс. Сондай-ақ біз халықаралық аккредитация туралы да сөз қозғап отырмыз, бұл жәй еріккеннен көтеріліп отырған жоқ. Біздің мамандардың тек ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие болуын қалаймыз», - деп атап өтті Д.Назарбаева.
Жиынға қатысқан мамандарға тамақ өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы машиналарын жасау салалары бойынша магистратураның екі бағдарламасы таныстырылды. Бұл бағдарламалар ҮИИДБ жобаларының мамандарына арналған және Де́йвистің Калифорния университеті мамандарымен жасақталып отыр. Оны қазақстандық университетте енгізу үшін Калифорния университетіндегі зертханалардың моделі негізінде заманауи 4 зертхана жабдықталды, қажетті оқу құралдары мен кітаптар сатып алынды.
Өз кезегінде ҚазАТУ ректоры Ақылбек Күрішбаев вице-премьерге ҚазАТУ-ды заманауи технологиялық университетке айналдыру бағытында атқарылған жұмыстармен таныстырып өтті.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта университет АҚШ-тағы Де́йвистің Калифорния университетімен тиімді байланыс орнатқан. Де́йвистің Калифорния университеті Чили, Малайзия, Қытай елдерінің аграрлық білім беру саласын реформалауда үлкен тәжірибеге ие.
«Енді оның жетекші профессорлары Қазақстанда ҚазАТУ-дың басқару жүйесін реформалау, білім беру және ғылыми-зерттеу қызметін реформалауға белсенді қолдау көрсетіп келеді», - деп атап өтті А.Күрішбаев.