Компания басшысының айтуынша, әлемдік деңгейдегі колледж құрылысының бюджеті де қомақты: Алматыда осындай колледждің бір шаршы метріне - 1100, ал Астанада 1000 АҚШ доллары кетеді. Ал Атырау қаласындағы колледждерге сабақ беретін шетелдік мұғалімдермен жасалған келісімшарт 12,8 млн. долларды құраған.
«Әлемдік деңгейдегі колледж 2015 жылы іске қосылады. Бұндай колледждің біреуіне бюджеттен 30 млрд. теңге жұмсалады, оның ішінде құрылыс жұмыстарына 17 - млрд., жабдықтандыруға - 12,8 млрд. теңге қарастырылмақ», - деді Елдана Сәдуақасова.
Вице-спикер Дариға Назарбаеваның айтуынша, Қазақстанда әлемдік деңгейдегі колледждер құру идеясының өзі сәтсіз.
«Жалпы, «әлемдік деңгейдегі» деген атауының өзі қисынсыз, маған тіпті Остап Бендердің «Нью-Васюки» жобасын есіме түсіреді. «Әлемдік деңгей» дегеніміз не? Бізде тіпті әлемдік деңгейде индустрия да гүлденіп жатыр ма?» - деді вице-спикер.
Бұл ретте депутат Д.Назарбаева екі колледжге шамамен 60 миллиард теңге жұмсалатынын сынға ала келе, сол қаражаттың біраз бөлігін негізінен жұмыс істеп тұрған колледждерді жабдықтауға жұмсаса тиімді болатынын атап өтті.