Д. Назарбаева: Мәжіліс қазақстандық БАҚ-ты қолдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Электрондық және баспа БАҚ-та медициналық қызмет, дәрі-дәрмекті жарнамалауға тыйым салу ақпарат құралдарының медиа қызмет нарығындағы бәсекеге қабілеттілігіне нұқсан келтірер еді. ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Дариға Назарбаева осындай пікір білдірді.

- Дариға Нұрсұлтанқызы, бүгінде кейбір қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері фармацевтикалық препараттар жарнамасына тыйым салуға қатысты наразылық білдіруде? Бұл қаншалықты негізді деп ойлайсыз?

- Электрондық және негізінен баспа БАҚ-та медициналық қызметтер мен дәрілік заттарды жарнамалауға тыйым салу бірінші кезекте медиа қызмет нарығындағы олардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.

Қазақстанның жарнама нарығының құрылымында фармацевтикалық сегменттің үлесі 20-22 пайызды немесе шамамен 6,2 млрд. теңгені құрайды. Әрі мұнда барлық көлем телеарнаға тиесілі.

Осылайша, заңнамаға енгізілген өзгерістер нәтижесінде отандық телевидение жарнамадан түсетін табысының бестен бірін жоғалтады. Бұл қазақстандық бағдарламаларды шығару, шетелден танымал телеөнім сатып алу көлемін қысқартады.

Бұл ретте аталмыш тыйым Қазақстанда көрсетілетін ресейлік арналарға қолданылмайды.

Мұның бәрі отандық арналардың танымалдығына кері әсерін тигізеді.

Бұдан басқа, бұл өзгерістердің қажеті жоқ, әрі қойылған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік бермейді. Дәрігердің рұқсатынсыз шығарылатын дәрілік препараттарды жарнамалауға қатысты қосымша шектеу тұтынушыларды дәрі-дәрмек жайлы ақпарат алу құқығынан айырады. Бұл аталмыш тауарларды жарнамалаудың жасырын нысандары мен тәсілдерінің дамуына ықпал ететін болады.

Рецептурасы жоқ препараттарды жарнамалау толықтай қолжетімді болып табылады, бұл әлемдік практикада барынша кең қолданылады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «саналы түрде бақыланатын ем алу» саясатын жүргізуде, соған сәйкес тұтынушы аз-маз сырқаттанған кезде өздігінен ем-дом қабылдауға қатысты нақты ақпарат алуға құқығы бар.

- Демек, Сіз дәрілік заттар мен медициналық қызметтерді еркін жарнамалаудың жақтастарын қолдайсыз ғой?

- Иә, әріптестерімнің көпшілігі медициналық қызметтер мен дәрілік заттардың жарнамасына тыйым салуды негізсіз, орынсыз деп санайды.

Сондықтан Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына түзетулер енгізіп, қабылдауға дауыс берді, бұл түзетуде медициналық қызметтер, аурудың алдын алу, ем тағайындау, медициналық сауықтыру әдістері мен құралдарын, дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы жарнамалауға рұқсат беру көзделген.

Заң таяу уақытта заңды күшіне енеді.