Д.Назарбаева үш министрлікке бұқаралық спортты дамыту жоспарын жасауды тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне бұқаралық спортты дамыту жоспарын жасауды тапсырды.

«Біз Қазақстанның олимпиадалық жетістіктерімен мақтанамыз. Бұл - сөзсіз керемет нәтижелер. Біздің олимпиада чемпиондарымыз әлем алдында біздің елдің Туын көтеріп, ең жоғары деңгейде таныта білді. Оларға, әрине, біз тек бас иеміз. Бірақ Қазақстанның спорты тек олимпиадалық жетістіктер мен кәсіби спорт бағытында ғана дамымауы тиіс», - деп атап өтті Д.Назарбаева министрліктің алқа мәжілісінде.

Оның сөзіне қарағанда, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Білім және ғылым министрлігі бірлесіп, бұқаралық спортты дамыту жоспарын жасауы тиіс.

«Салауатты өмір салтының ауқымды үгіт-насихат жасалғаны керек. Дені сау, сымбатты, қуатты және шыдамды болу - біздің қоғамда сәнді болуы қажет», - дейді Д.Назарбаева.