Д.Назарбаева: Жастар білім үшін емес, диплом үшін оқуға барады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жастар колледждер мен жоғары оқу орындарына білім алу үшін емес, диплом алу үшін барады. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру жүйесінде экономика салалары үшін кадрлар даярлаудың сапасы мен перспективалары туралы» парламенттік тыңдау барысында ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева осылай деді.

«Жемқорлық білім берудің барлық саласындағы жүйелі проблемаға айналғанын мойындауымыз керек. Соның салдарынан білім алушылардың ынтасы төмен. Олар курстық жұмыс жазуға уақытын кетіргенше, ақша төлей салғанды жөн санайды. Жастардың бір бөлігі колледждер мен жоғары оқу орындарына білім алу үшін емес, диплом алу үшін барады», - деді Д.Назарбаева.

Сонымен қатар оның атап өтуінше, білім беру саласын жаппай коммерцияландыру салдарынан көптеген мемлекеттік және мемлекеттік емес білім беру мекемелері білім беру саласына табыс табу көзі ретінде қарайтын болды.

«Олар коммерциялық алымдардан түсетін қас-қағымдық ақша түсімдерімен өмір сүруде, білім беру сапасына қамқорлық жасамайды. Ал ғылыми зерттеулер жайында сөз қозғаудың өзі артық. Қоғам реформадан қажетті тиімділік көріп отырған жоқ», - деді Мәжіліс Төрағасының орынбасары.