Д.Нөкетаева: Жолдаудағы міндеттер - бәріміз үшін де үлкен сын болмақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы қалың көпшілікке күтпеген жерден жасалғандай болғаны белгілі. Себебі желтоқсан-қаңтар айларында Елбасының жаңа Күнтізбелік жылдың жоспары мен даму шарттары жайында баяндайтынына ерекше көңіл бөлініп, әдеттегідей күтілетін. Алайда, Президент кез келген істі өз бақылауында алатындығын осы жолы тағы да бір дәлелдеді. Қандай жағдайда да жоғарғы билікте қызмет атқарып отырған Үкімет мүшелеріне қордаланған мәселелердің нақты шешу жолдарын ұсына білетін Ұлт Көшбасшысы ретінде жаһандық дағдарыс алдында жұртшылықты тың ойлар мен қарқынды бастамалар арқылы серпілтіп алды. Бұл пікірді ҚазАқпарат тілшісіне Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динара Нөкетаева білдірді.

Ректордың пайымынша, серпіліс пен сілкініс бізге қажет дүние. Өйткені, геосаяси жағдайлар өзгеріп отырған уақытта әлемнің көптеген елдеріндегі қайшылық жағдайлар Қазақстанға да өз әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан, халықаралық қауымдастықтағы дүрбелең біздің еліміздің де ішкі-сыртқы ахуалына құбылу беретіні белгілі. Осы ретте Елбасы геосаяси жағдайлардың ішкі тұрақтылық пен дамуға кері әсерін тигізбеуінің алдын алу мақсатында қарқынды жұмыс тәртібіне көшуге, оның ішінде оң нәтижелі жұмыс атқарылу керектігіне баса назар аударып отыр. Жаңа Жолдау - бір ғана келер жылдың жұмыс тәртібі емес, ұзақ мерзімді даму жоспары.

«Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады. Қазақстан, әлемдік экономиканың бір бөлшегі және геосаяси қысымның эпицентріне тікелей жақын орналасқан ел ретінде, барлық осы үдерістердің теріс ықпалына тап келеді. Нәтижесінде не болып жатқанын біз көріп отырмыз: әлемдік нарықтарда баға құлдырауда және тұтастай алғанда, экономикалық өсім баяулауда». Міне, Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты жаңа Жолдауындағы осы жолдардың өзі күтпеген жерден туатын қиыншылықтарға төтеп бере алатындай дайындықта болу керектігімізді айғақтайды», - деді ол.

Өз сөзінде Елбасы индустриалды-инновациялық даму жолын таңдау, қаржыны дұрыс пайдалану, шағын және орта бизнеске қолдау білдіру жолдарын бұрыннан бері айтып келе жатқанын еске салған Д.Нөкетаева: «Осы орайда, әрбір Жолдау бірімен-бірі астасып жатқанын айта кету керек. Тек орын алған қандай да бір жағдайларда жоспарды жүзеге асыру жолдарын нақтылап, ширатып алу қажет. «Қазақстан - 2050» Стратегиялық бағдарламасында «Жаһандық дағдарыстың жалғасуының әсерінен әлемде болып жатқан өзгерістер бізді үрейлендірмейді. Біз оларға дайынбыз. Біздің ендігі міндетіміз - егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру» деген болатын Мемлекет басшысы. Бұл Елбасының осыдан біраз жыл бұрын-ақ дәл қазіргі уақытта әлем назарын аударып отырған «Украина ісіне» байланысты Ресей мен АҚШ секілді алпауыт елдер арасында өрбіп қалуы мүмкін саяси текетірестерге алдын-ала дайын болуға жасаған көреген тұжырымы деуге болады. Бүгінгі таңда дүниежүзінде жүріп жатқан саяси әлімжеттіктер Еуропа мен Азияның арасында көпір болып отырған, экономикалық дамуға қойылған саяси кедергілерді кез келген жағдайда құптамайтын Қазақстан үшін қайта сараптауға итермелеп отырғаны анық. Себебі, еліміз үшін әрқашан да тың жүйеленген жоспар мен оң нәтижелі істер - орнықты дамудың негізі болып қала бермек», - деді.

Оның пайымынша, Мемлекет басшысының Қазақстан даму жолындағы сын-қатерлерді ескере отырып, «Нұрлы жол» Жаңа Экономикалық саясатын жариялау арқылы ішкі экономикада тың реформалардың жүзеге асырылатындығын қол жеткізу мақсаты - келе жатқан дағдарыстың кезекті толқынына дайын болып қана қоймай, одан тың секіріске толы даму алуға деген құлшыныс екені анық. Өйткені, дағдарыстан экономикалық серпіліске қол жеткізу тек көреген көшбасшылардың ғана қолынан келеді. Осы ауанда мемлекеттік қазынадан қаржы бөлу арқылы көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды жетілдіруге, шағын және орта бизнес ірі кәсіпкерлікке қолдау білдіруге, инфрақұрылымдарды дамытуға, инвестиция тартуға, ЭКСПО-2017 көрме құрылысын тыңғылықты жүргізуге тапсырмалар берілгені көңіл қуантады.

Жаңа бастамалар экономиканы дамытуда іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін қажет екендігі сөзсіз. Осы ретте Елбасы: «Жаңа Экономикалық Саясаттың тұғыры инфрақұрылымдық даму жоспары болады», деп атап өтті. Ал жоспарды ұсыну мен оны орындау бір-бірімен байланысуы үшін біртұтастық әрі ортақ мақсаттық мүддені қажет етеді. Сонау 2006-2007 жылдары орын алған жаһандық дағдарыстың лебі әлі есіп тұр. Оның күшейіп кету қаупі күн өткен сайын асқынып барады. Сол дағдарыстың дауылы жойқын соққы болып тимес үшін Мемлекет басшысы 7 бағыттан тұратын жоспарды - көліктік-логистикалық, индустриялық, энергетикалық, әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту, ТКШ мен су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту, шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жалғастыру жолдарын ұсынды. Осы бағыттардың қай-қайсысы да халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізетін негізгі басымдықтар», - деді Д.Нөкетаева.

Университет басшысының атап өтуінше, Жолдауда баспана, тұрғын-үй, ауыз су, жылу мәселелерімен қатар, қоғам үшін ең басты қажеттілік - білім мен тәрбиеге де көп көңіл бөлініп отыр. Балалардың мектепке дейінгі білім алуы, тәрбиеленуі дұрыс жолға қойылу үшін балабақшалар мен мектеп алды мекемелер санын арттыру қажеттігін, сапалы білім берілуі үшін мектептердің 3 ауысымды емес, қалыпты жұмыс тәртібіне көшу керектігін жеткізді. Бұл бала тәрбиесіне қатысты мекеме фундаментінен бастап отыратын оқушының партасына дейін, оның алдындағы оқулығы мен тақтасына дейін жақсартылатынын білдіреді. Ал мектептің жайына көңіл бөлу - мұғалімнің қамын ойлау болып табылады. Осыған сәйкес, ЖОО-лар да педагог кадрлардың заман талабына сай болуын қамтамасыз ету керек. Ол үшін мемлекет тарапынан толықтай қаржылық қолдау көрсетіледі. Ендігі ретте әрбір тиынның шашауын шығармай орынды жұмсалуына, тындырымдылыққа аса зор мән берген дұрыс.

«Елбасының Жолдауда «Толысқандықтың жаһандық сынынан өту үшін біздің топтаса білуіміз қажет. Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіспіз! Бір-бірімізге тағатты болуымыз керек!», деп атап көрсетуі бала күтімінде отырған анадан бастап билік тұтқасын ұстаған лауазымды тұлғаларға дейін ынтымақта, бірлікте еңбек ету керектігін ұғындырады. Осы жолда біз жаңа қазақстандық патриотизм рухында кемел келешекке жету үшін кез келген қиындыққа төтеп бере алатындай қауқарлы болудың әрбір азаматқа жүктелетіні жан-жақты түсінеміз. «Біздің азаматтарымыз заманауи және сапалы автомагистральдармен жүріп, кез келген өңірге қауіпсіз және тез жететін болады. Әлеуметтік инфрақұрылым жақсарады, жаңа және заманауи мектептер мен ауруханалар жоғары сапалы қызметтер көрсетеді. Нәтижесінде ол әрбір қазақстандықтың әл-ауқаты мен өмір сапасында көрініс табады. Ал ең бастысы - осының бәрі болашақ ұрпақтың байлығы ретінде біздің жерімізде қалады». Бұл - Жаңа Экономикалық Саясаттың жоспарлы түрде жүзеге асатын ең құнды нәтижесі деп білемін. Сондықтан, Жолдаудағы міндеттер - бәріміз үшін де үлкен сын болмақ», - деп түйіндеді ойын Д.Нөкетаева.